Мобильді аударымдар: 3 айда 100 транзакциядан асса, салық салынады

Мобильді аударымдар туралы жаңа ережелер қыркүйектен бастап күшіне енеді. Енді жиі жасалатын қаржылай аударымдар кәсіпкерлік табыс деп есептелуі мүмкін. Мәселен, егер үш ай ішінде сіздің шотыңызға әртүрлі адамнан 100-ден астам аударым түссе және олардың жалпы көлемі 1 миллион 20 мың теңгеден асса, бұл кәсіпкерлік қызметтің табысы ретінде қарастырылады. Шек 12 ең төменгі жалақыға байланысты. 2025 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып бекітілді. Демек, лимит 1 миллион теңгені сәл асқан жағдайда болып саналады. Жаңа ережелер бизнестің көлеңкелі айналымын азайтып, салық түсімін көбейтуге бағытталған. «Ал қарапайым азаматтарға алаңдаудың қажеті жоқ», — дейді мамандар.
АРМАН БЕЙСЕМБАЕВ – ЭКОНОМИСТ:
— Мұндай тәжірибе бар. Шын мәнінде, бізде мобильді аударымдар бақылаудан шығып кетті. Мемлекет бұған уақытында көңіл бөлмеді. Халық болса, фискалдық органдардың олқылықтарын пайдаланып, бұл ыңғайлы құралды салықтан жалтару үшін белсенді қолдана бастады. Егер адам үш ай ішінде түрлі сомамен 1 миллион теңгеден астам мобильді аударым қабылдаса, бұл – анық кәсіпкерлік қызмет. Мұндай жағдайда салық органдары сіздің декларацияларыңызды тексеріп, сандар сәйкес келмесе, қосымша салық салынады. Басқа жағдайларда бұл сізге мүлдем қатысы жоқ.
———————————————