Ақтөбеде апатты жатақхана тұрғындары пәтер кезегіне іліге алмай жүр

Ақтөбеде жатақхана тұрғындары шу көтерді. 120 бөлмелі үй осыдан екі жыл бұрын апатты деп танылған. Алайда халықтың дені барар жері болмағандықтан, әлі күнге дейін оны паналауға мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, қалалық әкімдіктегілер 16 отбасыны таңдап, пәтер берген. Өзгелері ше?
Үш баланың әкесі – Ерік Абдрахманов мына бөлмені кезінде 2 миллион теңгеге сатып алыпты. Жақсы баспана алуға қаржы қолбайлау болғанын айтады. Ал екі жыл бұрын бұл үй апатты деп танылған. Алайда жалдамалы баспана алу үшін әлі күнге дейін кезекке тұра алмай жүр.

ЕРІК АБДРАХМАНОВ – ТҰРҒЫН:
— Сіздің үйіңіз бар дейді. Мен түсінбедім, ол қай үй? Менде апатты үйден басқа үй жоқ. Біреулерге үй беріп, біреулерге үй бермеу деген не масқара ?
120 бөлмелі жатақханада негізінен көпбалалы отбасы, жалғызілікті қарттар және мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Жанын шүберекке түйген жандар бір күні үйіндінің астында қаламыз ба деген үйреймен күн кешуде.

ГҮЛБАНУ СУХАНОВА – ТҰРҒЫН:
— Алған кезде енді аузым ұрылып қалды. Апаттық екенін білмей қалдым. Енді ек жағымдағы көршілерімнің төбесінен су ағып жатыр. Ойылып түсіп жатыр. Жалғыз басты анамын. 200-ші болып кезекте тұрмын, жұртқа бірдей қылып берсін. Талабым сондай.

Ал әкімдік өкілдері болса, әзір ешбір отбасыға жалдамалы пәтер бермедік деп отыр.

АҚНҰР ҚАЗБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Тұрғындар пәтер кезегіне тұра алады. Ол үшін қажет құжаттарды жинап, халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керек. Ал олар айтып отырған 16 отбасы апатты үй бойынша пәтер алған жоқ. Бұл жандар басқа мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан.

Әзірге баспана иелеріне ешқандай өтемақы қарастырылмаған. Сондықтан жергілікті билік өкілдері халыққа жалдамалы пәтер кезегіне тұруға кеңес береді. Ал үйлі болғандары оны артынша жекешелендіре алады.
———————————————