Отбасы банк үй кезегінде тұрған жандардың тізімін жариялады

Отбасы банк ел бойынша үй кезегінде тұрған жандардың тізімін жариялады. Онда тұрғын үйге мұқтаж 944 мыңнан астам адамның аты-жөні тіркелген. Кезектің қалай жылжып жатқанын осы банктің сайтынан қарауға болады. Қалай?
Бұрын тұрғындар үй кезегіне әкімдікке барып тұратын. Биылдан бастап бұл функцияны «Отбасы банк» атқарады. Дәлірек айтсақ, өтінішті банк құрамындағы тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы қабылдайды. Баспанаға мұқтаж азаматтардың тізімін «Отбасы банк» сайтының «Қолжетімді баспана» бөлімінен қарауға болады. Онда есепте тұрған өңірді таңдап, файлды жүктеу керек. Банктегілер құжатты телефоннан емес, компьютерден ашуға кеңес береді. Кезекте тұрғындардың реттік нөмірі көрсетілмейді.

Пәтерлер кезек тәртібімен емес, есепке тұрған күні және табыс деңгейіне қарай бөлінеді. Десе де «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша басым құқыққа ие жандар бар. Олар бірінші кезекте баспанамен қамтылады.

ДӘРИЯ БӘТЕНОВА – «ОТБАСЫ БАНК» ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мысалы, биыл 100 пәтер берілетін болса, сол 100 пәтердің 20 пайызы жетім балаларға, 50 пайызы қалған жеті санаттағы азаматтарға беріледі. Олар: Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген азаматтар, басқа мемлекеттерде жауынгерлік іс-қимыл атқарған азаматтар, 1,2-топтағы мүгедектер, көпбалалы ата-аналар, мүгедек баланы асыраушы ата-аналар, жесірлер. Қалған 30 пайызы тіркеуде тұрған азаматтарға беріледі.

Тұрғын үй кезегіне соңғы бес жылда меншігінде үйі болмаған кәмелет жастағы барлық азамат тұра алады. Жалғыз баспанасы апатты деп танылған адам да өтініш бере алады. Кезекке тұру үшін orken.otbasybank.kz сайтына электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен кіру керек. Өтініш толтырып, 1414-тен келген SMS арқылы келісімді растау керек. Ал кезекті тексеру үшін азамат тағы сол сайтқа кіреді. Электронды цифрлық қолтаңбаны енгізіп, «Есепке қою мәртебесін тексеру» батырмасын басады. Онда үміткердің есепке тұрған күні мен санаты көрсетіледі.

Отбасы банктің мәліметі бойынша, тізімде қазір үйге мұқтаж 944 мың 611 адам бар. Оның 301 мыңы мамыр айынан бері жаңа тәртіппен тіркелген. Қалғаны – әкімдіктер бұрын кезекке қойған азаматтар. Айтып кетер жайт, тұрғын үй ешкімге тегін берілмейді. Мұқтаж азаматтың жағдайына қарай жалдамалы пәтер немесе 2 пайыздық ипотека ұсынылады
———————————————