Ақмола облысында найзағай түсіп, бір бала мерт болды

Найзағайдың жарқылы адам өліміне әкелді. Ақмола облысында 10 жасар баланың үстіне жай түсіп, опат болды. Ал Жетісу облысында найзағай оты ат пен иесіне қатар түскен. Тағы бірнеше мал қырылды. Соңғы кезде осы құбылыстан ажал құшқандар көбейген. Найзағайдан қалай қорғануға болады? Құтқарушылар қандай сақтық шараларын ескертеді?
Қайғылы жағдай Біржан сал ауданында түскі екілер шамасында болған. Аулада ойнап отырған екі баланың үстіне жай түсіп, біреуі көз жұмды. Ал зардап шеккен екінші бала ауруханада жатыр. Полиция тергеуді бастады.
Ал мына кадрлер осыдан екі апта бұрын Жетісу облысында түсірілген. Ескелді ауданында малшы мен жануар тұяқ серіппей кеткен. Төтенше жағдай қызметкерлері ер адам мен жылқыға найзағай түскен деп отыр. Мал баққан кісі күн күркірегенде телефонмен сөйлескен. Бұл жазатайым жағдайға әкелді. Қауіпсіздік ережесін бірі білсе, бірі біле бермейді. Құтқарушылар қарапайым сақтықты еске салды.

МАРИНА ЛИСКОВА, ТЖД ӨКІЛІ:
— Найзағай кезінде жазық жерлер мен ашық алаңдарда қалмаған жөн және құрылыс нысандары мен металл шатырдың астына жасырынбаңыз. Жаңбырлы күні қолшатыр ашпаңыз. Қауіпсіздік мақсатында металл заттарды тақпаған дұрыс.

Су тоқты жақсы өткізетіндіктен, өзен жағасынан да қашық болған дұрыс. Тылсымы көп құбылыс кезінде көлге шомылуға, балық аулауға да болмайды. Себебі жай түссе мерт қылуы әбден мүмкін. Найзағай бағандар арасында тартылған электр сымдарына да жиі түседі. Ал бұқара табиғаттың құбылысынан қалай қорғанып жүр?

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Күн күркіреп, найзағай ойнаған кезде электр қондырғыларды қуаттан ажыратқан абзал. Сол сияқты телефонмен сөйлесуге болмайды. Мамандардың сөзінше, аталған атмосфералық құбылыс кезінде қайғылы оқиғаларға әсіресе смартфонды қолдану себеп. Найзағай оғы жарқылдаса, айналардың бетін жабуға кеңес береді. Осы ережелерді сақтай отырып, сіз өзіңізді жазатайым жағдайлардан қорғай аласыз.

Жыл сайынғы күн күркіреп, найзағай ойнау құбылысы 3 миллиардқа дейін жетеді. Ғалымдар найзағай тек нәубет емес, пайдасы да бар дейді. Жарқылынан ауа тазарады. Найзағай ғаламшарды ультракүлгін сәуледен қорғайды.
———————————————