Астанада бір сыныпқа 46 оқушы қабылданған

Бір сыныпқа 46 оқушы қабылданған. Баласын Астанадағы №35 мектепке бергелі отырған ата-аналар шу шығарды. Олар бір сыныпта осынша бала оқитын болса, білім жайына қалады деп наразы. Сондықтан мектеп басшылығынан екі сынып жасақтауды сұрайды.
Астанадағы №35 мектепте биыл 1-сыныпқа 120-дан астам бала қабылданған. Соның 46-сы орыс тілінде оқытатын класқа жазылған. Ата-аналар енді 46 бала бір сыныпта қалай сабақ оқиды деп алаңдаулы.

МАРИЯ МОКРУШИНА, АТА-АНА:
— Біріншіден, бір сыныпта 45 баланың оқығаны нормаға сай емес. Балалар бір-бірінің басына отырып сабақ оқи ма? Екіншіден, әр оқушының дайындығы әртүрлі. Бірі сабақты тез ұғады, екіншісіне екі рет айту керек. Мұғалім 40-45 минутта сабақты 45 балаға жеткізе ала ма? Білім жайына қалады деген сөз.

Ата-аналардың айтуынша, былтыр да солай болған. Бірінші сыныпқа алынған қырық шақты балаға жалғыз мұғалімнің шамасы жетпеді дейді. Биыл да жағдай қайталанып отыр.
ВИКТОРИЯ ДУПЛЕНКО – АТА-АНА:
— Мамыр айында баламды осы біз тұрған №11 мектепке ауыстырғым келді. Бірінші сыныпқа осы мектепке барса екен дедім. Бірақ тіркелген мекенжайыңыз бойынша №35 мектепке қарайсыз деп, баламды бұл мектепке алмай қойды. Ал №35 мектепке қарайтын үй көп. Сондықтан бала да көп.

Ал мектеп басшылығы бір сыныптағы бала саны қырыққа жетпейді деп азар да безер. «Ата-аналардың айтып отырғаны жалған ақпарат», — дейді оқу ісіне жауапты маман. Мектепке оқушы қабылдау науқаны әлі біткен жоқ. «Балалар қанша сыныпқа бөлінетіні бірінші қыркүйектен кейін белгілі болады», — деді білім ордасының өкілі.

ГҮЛНИСА ЖАППАРОВА, №35 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бізде оқушы саны қырықтан асатын немесе қырыққа жететін сыныптар жоқ. Оның бәрі – жалған ақпарат. Біз олай отырғызбаймыз. Өйткені ол, біріншіден, мұғалімге де ауыр. Бірінші сынып болғаннан кейін оның жүктемесі және жауапкершілігі жоғары. Сынып бөлмелеріне де сыймайды.
Қалалық білім басқармасының мәліметі бойынша, биыл Астанада бірінші сыныпқа 31 мың бала барады. Былтырғыдан 3 мыңға артық.
———————————————