Ойын алаңын қалаған балалар әкімге бейнеүндеу жасады

Ойын алаңына зәру. Степняк қаласының кішкентай тұрғындары Ақмола облысының әкіміне бейнеүндеу жолдады. Олар өңірге ойын алаңын салып беруін сұрап бұйымтайларын ашық айтқан. Әкім балаларға не деп жауап берді?
Степняк қаласының жас тұрғындары жеке жеке шығып, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа бейнеүндеу жолдайды. Онда олар астан-кестеңі шыққан ойын алаңын ретке келтіріп, жаңа үлгіде жабдықтап беруін өтінген. Үндеу жарияланысымен балаларға облыс әкімі емес, Степняк әкімі жауап берген. Сөйтсе, 3 жыл бұрын басталуға тиіс абаттандыру жұмысы енді қолға алынбақ. Бюджеттен аула жөндеуіне 400 миллион теңге қарастырылып қойыпты.

Ал Сәтбаевта мәселе басқа: мұнда алаңдар бар, бірақ жағдайы сын көтермейді. Аулалары ойнауға қауіпті.

АЛЕНА КАБАТАЕВА, СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Баламызды өз ауламызға емес, басқа жақтағы алаңдарға апарамыз. Біздің ауладағысы өте нашар. Жаз аяқталып келеді, бірақ әлі күнге дейін салынбады.

Кейбір алаңға көп жылдан бері жөндеу жасалмаған. Тұрғындар балаларын ойнауға жіберген сайын «аман-есен қайтып келе ме» деп алаңдайды екен.

АРУЖАН АЛТЫНБЕКОВА, СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Біздің алаңда ойнайтын жер жоқ. Темір-терсек. Құм ойнайтын жері жоқ. Мал кіріп кетеді. Осы жергілікті биліктен балалар алаңын салып беруін сұраймыз.

Жергілікті билік, әрине, бұл мәселеден хабардар. Сәтбаевта балалар алаңына сұраныс жоғары. Биыл 40 шақты ойын кешенін орнату жоспарланыпты. Тіпті кейбірінің құрылысы да басталған.

НАЗЕРКЕ САПАРБЕК, ҚАЛА ӘКІМДІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Бүгінде қала бойынша балалар ойын алаңдарына қажеттілік 170 бірлікті құрайды. Биыл әкімдік тарапынан 38 жаңа ойын алаңдары орнатылуда. Олар алаңдары бұрын соңды болмаған немесе ескі кеңестік үлгідегі элементтер орналасқан аулаларға қойылуда. Жұмыстардың аяқтау мерзімі – 1 қыркүйекке дейін.

Әзірге шенеуніктер мәселені шешуге дайынбыз деп, нақты мерзімін де атап отыр. Уәде орындалмаса, қауіпті ойын алаңдарынан шаршаған олар Степняк қаласының балалары сияқты әкімге тікелей бейнеүндеу жолдамақ!
———————————————