Қостанайда жаңа жедел жәрдем станциясы ашылды

Қостанайда жедел жәрдемнің жаңа қосалқы станциясы жұмысын бастады. Шағынауданның бірінде ашылған мекемеде нәтиже де бар. Дәрігерлердің шақыртуға келу уақыты қысқарған. Жаңа қосалқы бекеттің ерекшелігі неде?
Қостанайда жақында жаңа жедел жәрдем станциясы ашылды. Дәрігерлер науқасқа дер кезінде жетіп, жұмыс біршама жеңілдеген. Сұлтан Жүсіпов үш жылдан бері шұғыл бекетте жұмыс істейді, құтқару қызметінің маманы.

СҰЛТАН ЖҮСІПОВ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ДӘРІГЕРІ:
— Бұл диагноз қою, көмек көрсету және науқасты стационарға жеткізуде өте маңызды. Сондықтан бізде жету уақыты қысқарса, науқасқа жақсы. Себебі жылдам диагноз қойып, дер кезінде көмек көрсете аламыз. Кейбірін өздері қабылдай береді. Жағдай күрделі болса, біз сонда барамыз.

Тамыз айының басынан бері КСК шағын ауданындағы қосалқы станцияда екі бригада жұмыс істеп келеді. Мұнда қызметкерлердің демалуына және дәрі-дәрмектерді сақтауға арналған арнайы бөлмелер бар. Бұған дейін тағы бір шағынауданда қосалқы станция ашылған еді.

ОЛЕГ МЕЛЕШЕНКО, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМІ БАС ДӘРІГЕРІ М.У.А.:
— Алғашқы кезеңде КСК шағын ауданында қосалқы станция ашу шешімі қабылданды. Бұл ауданда көпқабатты үй көп болғандықтан, халық саны да көп. Қазір мұнда құрылыс жүріп жатыр, сәйкесінше тұрғындар саны артып, шақыртулар да көбейіп келеді.

Бүгінде Қостанай облысында қала мен аудандарды қоса алғанда 23 жедел жәрдемнің қосалқы бекеті жұмыс істейді. Алайда облыс орталығында халық санының өсуі мен көлік жүктемесінің артуы жаңа жағдайды талап етіп отыр. Қазір мұнда үш станция бар. Дегенмен бұл да жеткіліксіз. Сондықтан алдағы уақытта көпқабатты үйлер қарқынды салынып жатқан Юбилейный мен Береке шағын аудандарында тағы бір медициналық нысан ашу мүмкіндігі қарастырылып отыр.
———————————————