Алматыда бойжеткенді ағаш басып қалып, мерт болды. Ол гүрс етіп құлаған жасыл желектің астында қалған. Елімізде мұндай жағдайлар соңғы жылдары жиі қайталанып жүр. Екі ай бұрын Ақсу қаласында болған қайғылы жағдайды жүртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Онда сұлап түскен ағаштың бұтағы таксиде отырған әйелдің кеудесін тесіп өтіп, ол да қаза тапты. Жүздеген көліктің зақымдануына да осындай жағдайлар себеп болып жүр. Ендеше неге айтпай келер апаттың алдын алмасқа?
Алматылық 27 жастағы тұрғын құрбысымен түскі асқа шыққанда, ағаш құлаған. Біреуі сол жерде тіл тартпастан кетті. Артында кішкентай баласы қалды. Қылмыстық іс қозғалды. Ағаш қураған, Алматыда осындай 80 мың түп ағаш бар.
ІЛИЯС МИРАСӘЛІ, ЖАСЫЛ ҚОРДЫ БАСҚАРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Санитарлық жұмыс жүргізіліп жатыр. Солған ағашты кесіп, тазалау жыл бойы жалғасады. Сондай-ақ аудандық әкімдіктегілер қурап, қауіп төндіретін ағаштарды кесіп жатыр.
Алматыдағы әрбір қолайсыз ауа райынан кейін осы көрініс қайталанады. Бұған дейін де ондаған көлікке ағаш құлап, жапырылды, сызылды. Мұндай жағдайдан қашатын жүргізушілер ашық алаңға көлігін қоюға тырысады. Қатты жел соғып, нөсерлеткенде қалада жаяу жүру де қауіпті. Тұрғындар бұл мәселені билік уақытында шешеді деген сенімде.
БҰЛХАЙЫР МӘМБЕТОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
— Ағаштардың диаметрін анықтаймыз. Кеуіп қалған ағаштарды кесу керек. Ол зиян келтіреді. Ал кейбір қанағаттандырылған деген ағаштар бар. Оны емдеу керек.
Иә, Алматы билігі ағашты кесуге тырысып жатыр. Дегенмен тұрғын қауіпсіздігіне кім кепіл береді? Бүлінген автокөлік шығынын кім өтейді деген сауалға жауап іздеп көрдік.
РУСЛАН ҚОЖАХМЕТ, ЗАҢГЕР:
— Мұндай жағдайда әр азамат жауапты мекемеден моральдық және материалдық шығынды өтеуін талап етуге құқылы. Кейбір жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік ке де тартылып жатыр. Материалдық шығынды сот арқылы өндіруге болады. Көлікті жөндеп немесе толық құнын өндіріп берген жағдай да аз емес.
Бәрінен бұрын қураған ағаш адамға қауіп төндірмеуі тиіс. Жасыл желекке оранған Алматы тұрғындарының бір мәселесі осы.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.