Қарағандының сырт жағында медициналық қалдықтарды өртеу зауытына қатысты дау шықты. Оны қыста салмақ болған, бірақ халық қарсылық білдіріп, жұмыс тоқтаған еді. Енді ол қайта көтеріліп отыр.
Курьяновка ауданының тұрғындары медициналық қалдықтарды өртеу зауытының құрылысына наразы. Жергілікті халық қоғамдық тыңдауға «Біз қарсымыз», «Тыныстай алмаймыз» деген жазуы бар қағаздармен келді.
ПЕТИМАТ СҰЛТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Біздің ауылдан пешті алып тастаңыздаршы, өтінеміз! Біз мұнда 4 мың адам тұрамыз. Біз қарапайым жұмысшымыз, кішкентай балаларымыз бар, ардагерлер бар.
Курьяновкада жаңа кәсіпорын салынатыны жайлы өткен жылдың желтоқсанында белгілі болған. Сол кезде шағын ғимаратқа пеш орнатып, қауіпсіздігін дәлелдеу үшін иесі оны іске қосып көрсеткен. Алайда мұржадан шыққан қою қара түтін тұрғындарды одан сайын ашуландырды. Құрылысты тоқтатты, бірақ қазір мәселе қайта көтеріліп отыр. Кәсіпкер қоғамдық тыңдау ұйымдастырып, пештің зиянсыз екенін тағы да дәлелдемек болды.
МЕЙРАМ ҚАЗЫМОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ:
— Мен Қытайға барып келдім. Бұл пеш сол жақтан әкелінген. Қала ішінде қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен көрдім. Егер түтін шығатын болса, біз оны алып тастаймыз.
Халық наразылығы күшейген соң, қоғамдық тыңдауды тоқтатуға тура келді. Оның үстіне, жиынға экология, табиғи ресурстар департаменті мен прокуратура өкілдері келген жоқ. Тұрғындардың өзі тыңдау болатынын екі сағат бұрын ғана білген. Жалпы, Курьяновкада кәсіпорын көп. Айталық, мұнда бірнеше көмір кеніші мен зауыт бар. Қоқыс полигонында жиі өрт болады. Сондықтан жергілікті жұрт тағы бір зауыт қосылса, мүлдем тыныстай алмай қаламыз деп қорқады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.