Мектепке бару – миллионға жуық шығын

Мектеп формасы қажет пе? Қай сөмке ыңғайлы? Кеңсе тауарларын қалай таңдаған дұрыс? Ата-ананың уайымы осы. Бұл процесті жеңілдетуге болады. Қалай?
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Базар жағалаған ата-ананың уайымы басым. Дарья Алексенцева екі баласының қажеттілігін толық өтеуге жарты млн теңгедей жұмсаған. Бұл – спорттық форма мен қысқы киімдерді есептемегендегі қаражат.

ДАРЬЯ АЛЕКСЕНЦЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарларын ғана алдым. Әлі де сатып алатын зат жетіп артылады. Мәселен, былтыр екі баламды мектепке дайындауға 350 мың теңге жұмсадым.

Былтырғымен салыстырғанда бағаның едәуір өзгергенін сатушылар да мойындайды. Барлық оқу-құралға құн қосылған.

АЛЕНА СТРУКОВА, САТУШЫ:
— Доллардың өсуіне байланысты баға 10% қымбаттады. Былтыр оқушыны мектепке киіндіру 35 мың теңгеден аспайтын. Ал биыл 50 мыңға дейін өсті. Бұл аяқ киім, спорт формасын санамағанда. Дегенмен сауда жақсы жүріп жатыр. Тіпті кейбір киімдер бірден сатылып кетті.

Солтүстік Қазақстан облысында да оқуға қажет тауар қымбаттады. Бұл – отбасымен базар аралап келген көпбалалы ана Алтынай Әлменованың пікірі. Қос жеткіншектің қалам-дәптерінен бастап, мектепке керектінің бәрін алып беру үшін кем дегенде 250-300 мың теңге қажет болған.

АЛТЫНАЙ ӘЛМЕНОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Қарындаштары қымбат, түрлі түстісі 1600 теңгеден басталады. Бояулары 900-ден былай қарай. Былтыр 560-тан алғанбыз. Әлі киімдерін алған жоқпыз. Ата-аналардың айтуы бойынша, қымбатқа түсіп жатыр. Баға жылдан-жылға өсіп жатыр.

Жалпы бұл өңірде бүгінде әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан 9 мыңға жуық оқушы бар. Оларға біржолғы жәрдемақы төлеу үшін 402 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұдан бөлек демеушілер қолдауы бар.

Ал бұл – Астанадағы базардың бірі. Саудагерлердің айтуынша, қазір көбі мектеп формасына онлайн тапсырыс беріп жатады. Сондықтан сауда да баяулаған. Маркетплейстегі бағамен дүкендегі бағаның айырмашылығы сәл-пәл ғана. Саудагерлер оқу құралға барынша жеңілдік жасауға тырысып жатыр.

НҰРБИБІ АМАНДЫҚ – САТУШЫ:
— Концтовар алсаңыздар, дәптер тегін болады. 100 дәптерге дейін тегін береміз. Суммаңызға қарай, дәптерді тегін береміз. 3 мың теңгеден 8 мыңгеге дейін сөмкелер бар.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Барлық өңірдегі бағаны бағамдасақ, орта есеппен алғанда қыз балаларға арналған белдемшенің ең арзаны бес мың теңгеден басталады. Ал сарафандарды 8 мың теңгеден алуға болады. Ер баланың жейдесі – 10 мың теңге, шалбар 5 мың теңгеден сатылып жатыр. Классикалық үштік костюмдер 25 мың теңгеден басталады. Мәселен, бірінші сынып оқушысын жаңа оқу жылына дайындау үшін кемінде 100 теңгедей қажет. Бұл сомаға кеңсе тауарлары кірмейді.

Тағы бір мәселе ата-ана жыл сайын мектеп формасының үлгісі өзгеретініне наразы. Жыл сайын жаңа киім сатып алуға мәжбүр. Ал бұл отбасылық бюджетке салмақ түсіреді. Дегенмен оқу ағарту ісінің мамандары бірыңғай стандарт сақтау керектігін айтады.

———————————————