Қ. Тоқаевтың Қырғызстанға сапарында қандай мәселелерге басымдық берілді?

Су, логистика мен сауда. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров арасындағы келіссөздерде басымдық берілген тақырыптардың бірсыпырасы. Қазақстан Президенті Қырғыз Республикасына ресми сапармен барды. Екі елдің көшбасшылары екіжақты келіссөздер өткізіп, Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысына қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапарын «Ата бейт» ұлттық тарихи мемориалдық кешеніне зиярат етуден бастады. Мемлекет басшысы 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды. Одан соң «Ынтымсақ ордо» резиденциясында шағын құрамдағы келіссөздерге қатысты. Президент Қырғыз басшысына алғыс айтып, сапардың маңыздылығына тоқталды.

Осыдан кейін Президент Қазақстан мен Қырғызстанның жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысына қатысты. Былтыр екі елдің сауда айналымы 1,7 млрд доллар болған. Жиын кезінде оны 3 млрд долларға дейін жеткізу туралы жол картасына қол қойылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Екіжақты сауда-саттық көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Инвестициялық ынтымақтастық жылдан жылға нығая түсуде. Соның арқасында түрлі бірлескен жоба табысты жүзеге асырылды. Су-энергетика саласында өзара үйлесімді жұмыс атқарылып жатыр. Мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз да күшейіп келеді.

САДЫР ЖАПАРОВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, Қырғызстанның сыртқы саясатында ерекше орын алатын бауырлас ел, негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің қолдауыңыздың арқасында мемлекеттеріміздің арасындағы стратегиялық ынтымақтастық пен одақтастық қатынастар нық дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді.
Отырыс барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің арасындағы бауырластық байланысты бекемдеуге қосқан елеулі үлесі үшін Садыр Жапаровты еліміздің ең үлкен мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

———————————————