Қыркүйек пен қазанда Астана әуежайында күндізгі рейстер болмайды

Қыркүйек пен қазанда Астанаға ұшамын немесе Астанадан ұшып шығамын деп отырған жолаушылар жоспарын қайта қарағаны жөн. Өйткені осы екі айда елордада күндізгі рейстер болмайды. Ұшақтар тек түнде және таңда ұшады. Бас шаһардағы әуежай бірінші қыркүйектен бастап жөндеуге жабылғалы тұр.
Астана әуежайы 10 күннен кейін жөндеуге жабылады. Ұшақтар тек кешкі сағат алтыдан таңғы онға дейінгі уақытта ұшады. Ішкі және сыртқы күндізгі рейстің бәрі тоқтатылады.

НАУАТ АЙТУҒАНОВА – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙДЫҢ PR БАСШЫСЫ:
— Ұшу-қону жолағында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол 1 қыркүйектен бастап, 31 қазанға дейін таңғы оннан кешкі алтыға дейін болады. Бірақ, 5,6,7 қыркүйек күндері қалыпты режимде жұмыс істейді. Оның себебі біз халықаралық тексерістен өтеміз. Осы үш күн қалыпты жағдайда жұмыс істейді де, қалған күндері таңғы оннан кешкі алтыға дейін жұмыс істемейді.

Әуежай жұмысындағы уақытша өзгеріс әлбетте рейстер кестесіне әсер етті. Әуе компаниялары күндізгі рейстерді әуежай ашық болатын уақытқа көшіріп әлек. Мысалы, Air Astana әуекомпаниясында ішкі жеті бағыттағы рейстердің уақыты өзгерген. Сыртқы сегіз бағыттағы рейстің кестесі де түзетілді.
AIR ASTANA ӘУЕКОМПАНИЯСЫ:
«Астана халықаралық әуежайындағы ұшу-қону жолағын жөндеуге байланысты Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Өскемен, Франкфурт, Дубай, Сеул, Ыстамбұл, Анталия, Бейжің, Пхукет пен Нячанг бағыттарына және сол бағыттардан Астанадан немесе Астанаға қатынайтын рейстер өзгереді. Рейстері өзгерген жолаушыларға әуекомпания хабарлама жолдады».

FlyArystan компаниясында рейстердің 80 пайызы басқа уақытқа ауыстырылған. Мекеме билетке қатысты ресми мәлімдеме жасады.

FLYARYSTAN ӘУЕКОМПАНИЯСЫ:
«Әуекомпания жолаушылармен билетті брондау кезінде көрсетілген байланыс деректері арқылы хабарласып, туындаған барлық сұрақ бойынша қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын. Әуежайдың жабылуына байланысты рейстің өзгеруі әуекомпанияның бақылауындағы себепке жатпайтындықтан, стандартты өтемақы ережелеріне кірмейтініне назар аударамыз. Қайта брондау және билетті қайтару шарттары жіберілген хабарламаларда көрсетілген».

Scat әуекомпаниясы 300 шақты рейстің уақыты өзгергенін хабарлады. Сондай-ақ билетті қандай жағдайда тапсыруға болатынын айтты.

SCAT ӘУЕКОМПАНИЯСЫ:
«Әуежайдағы жөндеуге байланысты Шымкент – Астана – Шымкент және Алматы – Астана – Алматы бағыттары бойынша күндізгі рейстер тоқтатылды. Сонымен қатар Прага бағытына жоспарланған төрт рейстің екеуі қысқартылып, Батумиге қатынайтын рейстер саны азайтылды».

Егер рейс уақыты өзгерсе немесе 5 сағаттан астамға шегерілсе, жолаушыларға әуе билеті күнін тегін ауыстыру немесе стандартты ережеге сәйкес билетті қайтару мүмкіндігі беріледі».

Ал Qazaq Air баспасөз қызметі рейстерге қатысты ақпаратты жақын уақытта компания сайтында жариялайтынын мәлімдеді. Әуе тасымалдаушылар жолаушыларға қажет мәліметті ресми сайт пен байланыс орталығынан біліп отыруға кеңес етеді.

———————————————