Атыраулық 80 жастағы қария спортты жанына серік етіп келеді. Жеңіс Айтбаев 30 жылдан аса уақыт жүгіруден марафонға қатысып жүр. Осылайша кейіпкеріміз түрлі ауру-сырқауды спорттың көмегімен жеңіп келеді.
Тәртіп. Уақыт. Жеңіс Айтбаевтың күнделікті ұстанымы осы. Қарияның таңғы 6-да күнделікті жүгіруді әдетке айналдырғанына тура 30 жыл. «Сымбат пен мықты денсаулықтың кепілі тек қана спорт», — дейді ол.
ЖЕҢІС АЙТБАЕВ, МАРАФОНШЫ:
— Жаңадан бастап келе жатқанда жүгіруді әуелі жүруден бастау керек. Бір айдай жүріп, сосын жылдам жүруге көшу керек. Солай 3-4 ай жүру керек. Сосын жай жүгіру керек. Бұл денсаулыққа өте пайдалы. Дәрігерлер айтады таза ауада жүр деп айтады ғой, таза ауамен жүріп, жүгіру өте пайдалы.
80-нің сеңгіріне шыққан ақсақал – алыс қашықтыққа жүгіруден Атырау облысының чемпионы. Жас кезінде бокспен айналысып, кейін жүгіруге әуестенген. Үздіксіз жаттығу мен еңбектің арқасында ақсақал Мәскеу, Италия, Польша, Украинада өткен жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған.
ЖЕҢІС АЙТБАЕВ – МАРАФОНШЫ:
— 1985 жылы әуесқойлар клубын аштым. Ол кезде мен спорт саласында сабақ бердім. Бәрін үгіттеп, қаладағы 7 училищеде әуесқой жүгірушілер клубын аштырдым. Ай сайын жарыс жасадық. Жеңгендерді Мәскеуге жарысқа апарып, қатыстырып жүрдім. 40 жасымда Мәскеуге бардық. 42 шақырым жүгірдік.
АСҚАР ҚАЗИЕВ – ШӘКІРТІ:
— Бұл кісі тәртіпті сүйеді. Мінезі қатал, шапшаң, тез, айтқанды орындау керек. Тренер болған соң, бізге сондай тәртіп қояды. Уақытында жаттығуға келеміз. Жаттығуға кешіккенді өте жек көреді.
Қария спортқа ұл-қыздары мен немерелерін де баулыған. Ақсақал өзінің балалары ғана емес, барша жас ұрпақтың шыныққан шымыр, өр рухты болып өскенін қалайды. «Өйткені спортта тәртіп бар», — дейді ол.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.