Қытайда «ІЛЕДЕ КҮТЕМІН…» атты алғашқы Қазақстан-Қытай бірлескен телехикаясының түсірілімі басталды. Қыркүйек айының басында түсірілім жұмыстары Алматы мен Алматы облысында жалғасады. Бұл «Жетінші арна» мен Қытайдың Шыңжаң мемлекеттік телерадио хабар тарату желісінің бірлескен жобасы.
Сегіз бөлімнен тұратын драмалық хикая қытайлық зергер қыздың оқиғалары туралы. Бұл рөлді қазақстандық актриса Аружан Бекболат сомдайды. Ал басты кейіпкер жігіт қытайлық этникалық қазақ актері Цзян Ихао (Айкэн).
«Біз бұл жобада Іле мен Алматының сұлулығын, өңірдің көпұлтты мәдениетін және жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді көрсеткіміз келеді», – деді сериалдың продюсері Үміт Еркін. – «Бұл жоба достықты, мәдени қарым-қатынасты және кәсіпкерлікті қамтиды».
Үміт Еркіннің айтуынша, телехикаяда Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңындағы сауда, сондай-ақ екі ел арасындағы визасыз режим енгізілгеннен кейін күшейе түскен экономикалық және мәдени байланыстар да көрініс табады.
Түсірілімдер Алматы облысының көркем табиғатты аймақтарында, Іле өзенінің жағасында, сондай-ақ Шыңжаңдағы таулы өңірлер мен көне қалаларда өтеді. Жобада Лидия Кәден, Дария Жүсіп, Сюй Хао, Ли Лэ сынды танымал актерлер де қатысады.
Телехикая авторлары Қытайда тұратын этникалық қазақтардың мәдени болмысын көрсетуге ерекше көңіл бөлуде. Сонымен қатар, жоба Қазақстанның туристік және креативтік әлеуетін таныстыруды мақсат етеді.
«Сериал «Жетінші арнада» және Қытайдың жетекші телеарналарында көрсетіледі. Сонымен бірге, жобаға онлайн платформалар да қызығушылық танытып отыр. Бұл кең аудиторияны қамтып, Қазақстан мен Қытайдан бөлек, өзге елдердің де көрерменін табады», – деді «Жетінші арнаның» бас директоры Илхам Ибрагим.
«Мұндай бірлескен жобалар туризмнің, креативті индустриның дамуына тың серпін беріп, достықты насихаттайды».
Бұған дейін қытайлық тарап түсірген «Менің Алтайым» телехикаясы мәдени құбылысқа айналған болатын. Оның көрсетілімінен кейін Шыңжаңдағы Буршын аймағына туристік ағын 68%-ға артты, туризмнен түскен табыс 402 миллион юаньға (шамамен 24,7 миллиард теңге) жетті. Ал алғашқы эпизодтары небәрі екі күнде 10 миллионнан астам қаралым жинаған.
«Мен сені Іледе күтемін» сериалының авторлары да осындай жетістікке жетеміз деп сенеді және жобаны екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа кезеңі ретінде қарастырады.
Телехикаяның премьерасы 2026 жылға жоспарланған.
Фото и видео: https://drive.google.com/drive/folders/1-HQp8C70NkJBJwjiYV-OvnQRb_z647l5?usp=sharing
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.