Атырауда автосалон жүзге жуық адамды сан соқтырып кетті

Атырауда жүзге тарта тұрғын автосалонға алдандық деп шу шығарды. Сан соққан азаматтар бүгін облыстық Полиция департаментінің алдына жиналды. Олар қымбат темір тұлпарларын қайтарып беруді сұрайды.
Алданғандардың бірі – қала тұрғыны Нұрхан Сембаев. Ол «Колесо» сайты арқылы қымбат темір тұлпарын сатылымға шығарған. Осыдан кейін «Абырой» автосалонының өкілдері хабарласып, көлікті сатып беретінін айтқан. Оған сенген тұрғын көлігін беріпті.

НҰРХАН СЕМБАЕВ, КӨЛІК ИЕСІ:
— Қыздар: «Өзіміз сатып алайық», — деп телефон соқты. Сол кезде мен жалпылама естігенмін. Адамдар машинасын салып, ақшаларын алып жатыр. Қыздардың сөзіне сеніп, көлігімді тастап кеттім. Кейін айқай-шу басталды. Содан кейін барғанда машинам да жоқ, ақшам да жоқ болып қалды.

Нұрхан Сембаев секілді «Абыройға» сеніп, алданғандардың саны жүзге жуық. Барлығы әу баста автосалон өкілдерінің көрсеткен келісімшарты мен құжаттарына иланған. «Бірақ жеме-жемге келгенде ақшасыз, көліксіз қалдық», — дейді көпшілік.

БЕРІК ЖІГІТ — КӨЛІК ИЕСІ:
— Машинамызды сатуға шығарған кезде хабарласты. Күйеу баламды машинаңды өткізіп береміз деп шақырған, 10 күн ішінде ақшаңызды аударамыз деген. Сол бойынша біз келдік, машинамызды өткіздік. Келгенде сұрадық: «Иә, 10 күн ішінде ақшаңызы қайтарамыз», — деді. 13 күні ақшамды алуым керек еді. Келсем, халық жиналып қалған. Не боп қалды десем, адамдар «алдандық» деп шулап жүр.

Қазір полиция алаяқтық бабы бойынша істі тергеп жатыр. Негізгі күдіктілер қамауға алынған.

АРСЕН ИМАНӘЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Екі тұлға қазір терегу сотымен күзетпен ұстау бұлтратпау шарасымен қамауға алынды. Атырау өңірінен 90-нан аса жәбірленуші бар. Яғни өз көліктерін аталған мекемеге тапсырып, белгіленген келісімшартқа сәйкес, өз ақшаларын алмай арыз түсірген. Сол себепті біз қазір барлық автокөліке, қандай да бір сату, сатып алу операцияларына тоқтам салдық.

Автосалон қазір жабық тұр. Полицияның мәліметінше, ұйым 2024 жылдан бері жұмыс істеп келген. Яғни айналасы бір жылда біраз адамды сан соқтырып отыр.
———————————————