Әуедегі қауіпсіздік – «Қазаэроновигация» диспетчерлерінің басты міндеті

Әуедегі қауіпсіздік. Биыл «Қазаэроновигация» кәсіпорнының құрылғанына – 30 жыл. Осы уақыт ішінде мекеме толағай табыстарға қол жеткізді. Әуе кеңістігінде ұшақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде техникалар жаңартылып, мамандардың біліктілігі арттырылды.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Бүгін біз «Қазаэроновигация» кәсіпорнының маңызды нысандарының бірі – мұнара орталығындамыз. Мұндағы диспетчерлар 6 мың биіктіктен жоғары қарай әуе кеңістігінде ұшып-қону қауіпсіздігін бақылайды. Заманауи монитор арқылы диспетчерлер әуеде ұшақтардың бір-біріне тым жақын болмауын қамтамасыз етеді.

Бұл мұнарада әуе диспетчерлері отырады. Оларға ауыр міндет жүктелген. Көктегі ұшақтың қауіпсіз қонуына жауапты. Ұшу алдында ұшқыштарға бағыт-бағдар береді. Жұмыс барысында шұғыл шешім қажет ететін жағдайлар да жиі кездеседі. Сондықтан күйзеліске төтеп бере алу маңызды.

АҚЫЛБЕК ІСТІБАЕВ, «ҚАЗАЭРОНОВИГАЦИЯ» РМК БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Әуе дистпетчерінің бойында көптеген қабілет болуы керек. Жауапкершілігі мол, маңызды жұмыс. Ең бастысы, стресс кезінде жұмыс істей білу. Ұшақтың ақаулары болып қалуы мүмкін. Ең басты міндетіміз – ұшқыштарға көмектесу.

Ақылбек Істібаев аваиция саласында 17 жыл жұмыс істеп келеді. Тәулігіне 20-ға жуық ұшақтың қозғалысын монитор арқылы қадағалайды. Бір мезетте бірнеше ұшақ қонуы мүмкін. «Дәл осы кезде цифрлық технология жұмысты біршама жеңілдетеді», — дейді.

АҚЫЛБЕК ІСТІБАЕВ, «ҚАЗАЭРОНОВИГАЦИЯ» РМК БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Әр диспетчер өзінің 3Д картинасын құруы керек. Оны әрбір адам құра алмайды. Өйткені ол маңызды жағдай. Біз қазір Орталық Қазақстан өңірінде отырамыз, тәулігіне 600 ұшақ өтеді. Әрқайсысын есептесеңіз, 200 жолаушыға дейін болады. Соның барлығына диспетчер жауапты. Бір диспетчерді зонасында 15-20 самолет болады.
Мамандардың айтуынша, сапардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде метеорологиялық ақпараттың маңызы зор. Ауа райындағы әр кілтипан – найзағай, тұман, қатты жел ұшақтарға кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан метеорологтар күн райын тұрақты бақылап отырады.

ТОЛҚЫН АППАЗОВА – МЕТЕОРОЛОГ:
— Аэродромда метеоролог-радиолоктар әуе шекаралары аралығында қауіпті құбылысты алдын алуға көмектеседі. Заман талабына сай техникалық қамтамасыз етілген.

Жалпы, әуе диспетчерлеріне қойылатын талап жоғары. Мамандар ағылшын тілін жетік білуі тиіс. Өйткені жұмыс барысында шет тілде байланысқа шығады және аса қырағылық қажет. «Технология қарыштап дамып, жаңартылса да, ұшақтың діттеген жеріне аман жетуі – тікелей адамға байланысты», — дейді әуе диспетчерлері.
———————————————