Қонаевтағы жер дауы: тұрғындар салған үйін құжаттай алмай отыр

Қонаев тұрғындарының жер алып, үй саламын деген арманы аяқ асты болғалы тұр. Алды үйді тұрғызып, енді құжатын рәсімдегелі жатқанда, қалалық әкімдік ол жерлердің кезінде заңсыз берілгенін мәлімдеген. Қалалық сотта қаралған іс тұрғындардың пайдасына шешілді. «Алайда сот шешімі әлі орындалмай жатыр», — дейді азаматтар.
Әсем Әбдікәрімова жұбайымын ақылдаса келе Қонаев қаласынан екі жыл бұрын 9 млн теңгеге жер телімін сатып алады. Онда үй салу үшін құны 30 млн теңге тұратын пәтерін сатып жіберіпті. Армандаған үйлерін салып, аяқтай бергенде соттан шақырту келген.

ӘСЕМ ӘБДІКӘРІМОВА — ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Сөйтіп, міне, осылай жүргенімізге 1,5 жыл болды. Жалдамалы пәтерде тұрамыз. Өзіміздің үйімізге көше алмай жүрміз. Екі сотты ұттық, екі соттың шешімі бар. Енді біз қайда баратынымызды білмей жатырмыз. Қысқа дейін осы үйімізге көшіп алу керек.

Ал Ғазиза Қажиева жер телімін қаңтар айында сатып алыпты. Ол оның даулы жер екенін білмей, ұрынып қалғанын айтты.

ҒАЗИЗА ҚАЖИЕВА — ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Иесі біліп тұрып айтпады. Біз документтері заңды болғаннан кейін сеніп, сатып алып отырмыз. Наурыз айында маған жер бойынша маман хабарласып, сотқа шақырды. Сол кезде ғана білдік. 2 жыл бойы сот жүріп жатыр екен.

Осылайша Қонаев қаласының 23 тұрғыны қайда барарын білмей, әділдік іздеп, шырылдап жүр. Бірнеше отбасы жер телімін алу үшін несие рәсімдеген. Мұнда 2006 жылдан бері 11 гектар жер 123 жер теліміне бөлініп, сатылған. Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, ол жер телімдері кезінде заңсыз үлестірілген. Коммуникациялық жүйе тартылмаған, сондықтан үй салуға рұқсат қағазы берілмейді.

ТАЛҒАТ ИСАХАН, ҚЖҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Ол жердегі көтерілген мәселе – конкурс өткізілмей берілген жер учаскесі. Сол себепті талап-арыз жолданған болатын.
Тұрғындар жер телімдерінің 2006 жылы конкурссыз берілгенін ескеру керектігін айтты. Алматы облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары бұл бойынша сотқа талап-арыз түсірді.

ЖАНАТ ӘМІРЖАНОВ — ОБЛЫСТЫҚ ЖРБ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Анықталған заңсыздықты сотқа бердік. Сот қазір қарау үстінде. Оның зады немесе заңсыз екендігіне сот баға береді. Жаңағы құқық ол 26-шы конституциялық бапқа сәйкес, заңмен ғана анықталады.

«Сот отырысы қыркүйек айына белгіленген. Сондықтан бұл іске қатысты нақты кесім күзде шығады», — деді өңірлік жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері.
———————————————