Солтүстік Қазақстан облысында егінге орақ түсті. Өңірде жиын-терім жұмыстарын бірінші болып тың технологияларды тиімді қолданған шаруалар бастады. Мәселен «NO-till» әдісімен егін салған диқандар қазірдің өзінде әр гектардан орта есеппен 30-40 центнерден өнім жинап жатыр. Көрсеткіш тағы артуы мүмкін. Жалпы бұл қандай технология?
Қырдағы қарбалас қайта басталып, дала төсі дүбірге бөленді. Ризығын жерден теретін диқандар алажаздай баптаған бидайды оруға кірісті. Мәселен мына шаруашылық «No-till» технолиясына көшкен. Яғни егін алқабы мүлдем өңделмейді. Тұқым былтырғы дақылдың қалдықтары қалған топыраққа егіледі. Жер жыртылмағандықтан ылғал мол сақталады.
АЛЕКСАНДР ХИТРОВ – ШАРУА:
— Бізде екі бөлімше бар. Алғашқысында жауын жақсы түсті. Ал екіншісінде бір жарым айдай болған жоқ. Соған қарамастан міне мол өнім алып жатырмыз. Астық берекелілігі орта есеппен 35-40 центнерден айналуда. Сапасы да керемет. Осылайша біз «No-till» технологиясының тиімділігін көредеміз.
Шаруалар биыл көктемде 4,3 миллион гектарға ырыс дәнін септі. Оның дені – бидай. Күн райы да егіннің бітік шығуына қолайлы болды. Ендігі міндет — сары алтынды шашпай-төкпей жинап алу. Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің есебінше, күн райы қарасса, күзгі дала жұмыстары 30-35 күнде аяқталуы тиіс.
ЕЛЕНА ГОНТАРЬ – АШБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Дәнді дақылдардың 90% жақсы шықты. Орақ науқанына 7 мыңнан астам комбайн жұмылдырылды. Оның 4 мыңы өнімділігі жоғары техника. Науқанға деп Үкімет тарапынан арзандатылған дизель отынының 58,2 мың тоннасы бөлінді. Оның бір литрі диқандарға – 254 теңгеден сатылып жатыр. Алдағы уақытта жанар-жағармайдың тағы 10 мың тоннасы жеткізіледі.
Қыркүйек айынан бастап диқандар екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшеді. Өңірдегі 45 элеватор мен астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 6,9 миллион тонна. Мамандардың айтуынша, олардың барлығы сары алтынды қабылдауға дайын.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.