«Жетінші арна» қытайлық компаниямен бірлесіп «Іледе күтемін…» телехикаясын түсіруде

«Жетінші арна» жаңа маусымға дайындалып жатыр. Бұл маусымның ең ірі жобасы қазақ-қытай бірлескен телехикаясы болмақ. Қытайда «Іледе күтемін…» атты телесериалдың түсірілім жұмыстары басталып кетті. Ал келесі апта Алматы қаласында жалғасады. Осы жоба арқылы Қазақстан табиғатының сұлулығын жан-жақты көрсетіп, туристік бағыт ретінде таныту көзделген.
Басты рөлдердің бірін сомдайтын Лидия Кәден түсірімның алғашқы күнін қазақтың дәстүрімен бастады. Жалпы сериалдың өзінде де достық, мәдени қарым-қатынас және Іле аймағы мен Қазақстанның туристік әлеуеті насихатталады. Қазір түсірілім жұмыстары қызу. Жобада қытайдың танымал жұлдыздарымен бірге Лидия Кәденова, Дәрия Жүсіп, Аружан Бекболат сияқты актерлер ойнайды.
АРУЖАН БЕКБОЛАТ – АКТРИСА:
— Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Халқыма, еліме деген құрмет деп білемін. Бұл киноға, фильмге тілейтінім сәттілік. Бәрі сәтті өтсін, көрерменге жетсін және екі елді біріктіретін алтын мәдени көпір болсын. Әрбір көрген көрермен бұл кинодан шабыттанып, әсем әсер алсын деп тілеймін.

Тележоба Қытайда тұратын қазақ қызының шытырман оқиғаларын арқау етеді. Туынды алдымен Шыңжаңдағы таулы өңірлер мен көне қалаларда өтеді. Кейін табиғаты көз тартар Алматы облысында жалғасады. Телехикая авторлары Қытайда тұратын этникалық қазақтардың мәдени болмысын көрсетпек. Сонымен қатар жоба Қазақстанның туристік және креативтік әлеуетін таныстырудымақсат етеді.

ИЛХАМ ИБРАГИМ, «ЖЕТІНШІ АРНА» БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Бұл жерде біз Іленің әсем табиғатын, Алматының кереметтерін, ол жердегі адамдардың достық қарым-қатынасын көрсетуге ниеттеніп отырмыз және бұл тек Қытай немесе Қазақстан аумағында емес, көптеген жерде танымал телехикая болады деген сеніміміз мол.

Қорғаста осы жобаның таныстырылымы өтті. Мұнда Қытайдың жетекші телеарналары жобаны көрсетуге ниетті екенін жеткізді, сондай-ақ танымал онлайн платформаларда көрсетіледі. Қазақстандық премьера «Жетінші арнада» өтеді.
Айта өтейік, бұған дейін қытайлық тарап түсірген «Менің Алтайым» телехикаясы мәдени құбылысқа айналған еді. Оның көрсетілімінен кейін Алтай өңіріне туристік ағын 68%-ға артқан, туризмнен түскен табыс шамамен 25 миллиард теңге жетті. Сериал түсірілген локациялар әлі күнге дейін туристер келетін басты мекен боп тұр. «Іледе күтемін…» сериалының авторлары да осындай жетістікке жетуді көздейді.
———————————————