Петропавлда көлік жүргізуді оқығандар жарты жылдан бері сертификат ала алмай жүр. Олардың әрқайсысы 150 мың теңге төлеп, арнайы курстан өткен. Алайда оны растайтын ресми құжат атымен жоқ. Құрғақ уәдеге сеніп қалған жүздеген тұрғын енді не істерін білмей отыр. Сондықтан бұл іске құзырлы орган өкілдерінің араласуын сұрайды.
Жүргізуші куәлігін ала алмай жүрген бір топ азамат автомектепке жиналды. Курсанттардың әрқайсысы 150 мың теңге көлемінде ақы төлеп, екі айлық оқудан өткен. Алайда оларға тиісті сертификат әлі берілмепті. Ал онсыз мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, емтихан тапсыру мүмкін емес.
НИНА ДЬОЛОЙ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жеке өзім полицияға арыздандым. Олар қылмыс құрамы жоқ деп істі жауып тастады. Артынша, сотқа жүгінуіме болатынын айтты. Бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырдым. Ешқандай көмек жоқ. Мұндай автомектерді ешкім қадағаламайды. Сондықтан мұндағылар ойына келгенді істейді.
Дәл осындай жағдайға тап болғандардың саны бүгінде жүзден асады. Сан соғып қалған жандар қазір не істерін білмей дал. Автомектеп басшылығы болса, байланысқа шықпай қойған. Жиналған қаржыны да қайтарғысы жоқ. Себебі, олар бәріне бұрынғы менеджерді кінәлайды.
ОКСАНА МУХАМАДИЕВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Менің қызым 50 сағат көлікпен жүріп, теорияны толық меңгерді. Енді сертификатын ала алмай жүр. Мұндағылар күнде ертең деп шығарып салады. Жақында тіпті курсанттардың ешбірі біріңғай базада тіркелмегені белгілі болды. Ақша кетті, құжат жоқ. Менің ойымша, бұл таза алаяқтық. Осылай жүргенімізге жарты жыл болды.
Айлап құр уәдеге сеніп келгендер бұл мәселеге құзырлы орган өкілдерінің араласуын талап етіп отыр. Ол үшін прокуратураға арыз түсірген.
РАУАН ТУҒАНБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БӨЛІМ ПРОКУРОРЫ:
— Өтінішті Ішкі істер министрлігіне жолдадық. Олар алдағы уақытта тексеріс жүргізеді. Артынша, шешім шығуы тиіс. Біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз.
Ал автомектеп өкілдері курстанттарды біріңғай базаға енгізу үшін тағы екі жарым айлық курсқа жазылуға шақырады. Бірақ оған ешкімнің құлқы жоқ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.