Ақтөбеде жол дауы: миллиардтаған тендер игерілмей қалды

Ақтөбеде тағы да жолға қатысты дау шықты. Қала маңындағы Жаңақоныс ауылы тұрғындарының уәде етілген асфальт, көше жарығы мен ирригация жүйесін күтіп жүргеніне екі жыл болды. Құны миллиард теңгеге жуық тендерді ұтқан мердігер мекеме жұмысты мерзімінде аяқтамай, қарашада тапсыруы тиіс нысандар әлі бітпеген. Енді ауыл халқы күзде лай кешіп, көктемде су астында қаламыз ба деп қорқады. Әкімдік мердігерді сотқа бермекші. Ал компания өкілдері ешқандай қоңырауға жауап бермей отыр.
ЕСЕНТҮГЕЛ ӘБІШЕВ – ЖАҢАҚОНЫС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Не жаяу жүретін, не көлік жүретін жол жоқ! Осыны қанша жылдан бері айтып келе жатырмыз, ешкім ескермейді. Қалалық әкім де келіп айтып кетті. Автобус жоқ, жарық жоқ, кешкісін ешкім шыға алмайды. Ертең сабақ басталады, кешкісін балалардың келіп-кетуі қиын болады. Балшық басталса, жаяу қатынау мүмкін емес.

ӘЛІБИ АМАНШИЕВ – ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Көшенің мердігері анықталып, «Жерұйық» деген компания құрылысын жүргізуі керек болатын. Жұмыстары баяу жүруіне немесе тоқтап қалуына байланысты, біз ескертпе хат жолдадық. Егер де сол мерзімде жұмыстарын ары қарай жандандырып жалғастырмаса, біз сотқа беріп, ары қарай шартты бұзатын боламыз.
———————————————