Өскемендегі 300-ден астам лифт әбден ескірген

Өскемендегі 300-ден астам лифт әбден ескірген, шұғыл жөндеу қажет. 40 жыл болған жеделсатылар қалт-құлт етіп әзер жүреді. Тұрғындар оған мінуге де қорқады. Ал жаңасын сатып алуды қалта көтермейді. Енді қайтпек керек? Жергілікті билік оларды жаңартудың жаңа амалын ойлап тапты.
Көпқабатты үйдің тұрғыны Галина Ефремова үшін лифтімен мініп-түсу мұңға айналған. Қалт-құлт еткен ескі жеделсаты жиі істен шығады. Онымен жүру де қорқынышты.

ГАЛИНА ЕФРЕМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Лифтіге мінген сайын жанымызды шүберекке түйеміз. Көп адам мінгенде аса байқалмайды. Бірақ, бір адам отырса теңселеді.

Қырық жыл болған жеделсатыларды әуелде тұрғындар өз күшімен жөндеуге тырысып, арнайы компанияларды жалдаған. Бірақ бұл лекерлеу ұзаққа созылмайды. Қайта істен шығады. Жалпы Өскемендегі лифтінің дені тозып тұр. Алты жыл бұрын тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бюджеттік бағдарламалар арқылы аздап жаңартқан. Алайда мекеме ыдырағаннан кейін, жоба тоқтап қалған.

АСХАТ НҰРЫШЕВ – ЛҚК КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Әлі күнге дейін жеделсатыларға арналған мамандандырылған ұйым жоқ. Бұрын оны құруды ұсынған едім. Мысалы, кейбір лифтіні шұғыл ауыстыру қажет. Ол жұмыс бюджет есебінен атқарылуы керек. Қайбір жылдары Ақтау, Рудный сияқты қалаларда тендер ұтып, жеделсатыларды ауыстырғанымыз бар.

Бірде жүріп, бірде сынатын жетелсаты зейнеткерлер үшін бейнетке айналып отыр. Олар үстіңгі қабаттарға көтеріліп, түсе алмайды. Жергілікті билік бұл мәселені шешуге тырысып жатыр. Лифтілерді бюджет есебінен жаңарту үшін техникалық құжаттарын реттеуге кіріскен.

НАЗГҮЛ ЖАҚЫПБЕКОВА, ТҮКШ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Егер бұл қаражат жеткіліксіз болса, тұрғындарға 7 жыл мерзімге пайызбен несие алу ұсынылады. Бүгінде қайтару негізінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі көппәтерлі үйлердегі лифтілерді ауыстыру және күрделі жөндеуден өткізу мақсатында тиісті ережелерді әзірлейді.

Ескірген жедел сатыларды түгел ауыстыру үшін нақты қанша қаражат жұмсалатыны әзірге белгісіз. Ол есептеліп жатыр. «Жалпы, бір лифтінің өзі 15 млн теңгеден арзан болмайды», — дейді мамандар. Сондықтан жеделсатыны жаңарту үшін тұрғындарға да шығындалуға тура келеді. Әкімдік қызметкерлері басқа амал жоқ екенін айтады.
———————————————