Үш жылдық бюджеттің 38 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Ұлттық экономика министрі бүгін ел бюджетінің 2026 – 2028 жылдарға арналған жоспарын таныстырды. Бюджет қалай жұмсалатынын қаржы министрі жіктеп берді. Ал Үкімет мүшелері бюджет жобасын мақұлдады.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің болжамы бойынша, Қазақстанның алдағы үш жылға арналған есеп-қисабы мынадай. 2026 жылы жалпы ішкі өнім 5,4%-ға өседі. Ел экономикасының көлемі 2026 жылы 183 трлн теңгеден асып, 2028 жылға қарай 229 трлн теңгеге дейін жетеді. Негізгі өсім өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласынан болатыны айтылды. Экспорт көлемі 2026 жылғы 77 миллиард доллардан 2028 жылы 83 миллиардқа дейін өседі. Импорт та 68 миллиардтан 75 миллиард долларға дейін артпақ. Бұл көрсеткіштердің бәрі бюджетке әсер етеді. Алдағы үш жылда қазына кірісі 19 трлн теңгеден 23 трлн теңгеге дейін көбейеді. Ұлттық қордан жыл сайынғы кепілдендірілген трансферт – 2,7 трлн теңге көлемінде сақталады.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН – ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2026 жылы 27,7 трлн теңгені, 2027 жылы – 28,8 трлн теңгені және 2028 жылы – 29,8 трлн теңгені құрайды. Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдері кезінде бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді.
Бюджет ақшасының қомақты бөлігі, яғни 38 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұл – 10 трлн, 725 млрд теңге. Шығын қалай есептелгенін Қаржы министрі Мәди Такиев түсіндіріп берді. Мысалы, әлеуметтік қамсыздандыру мен көмекке 8,1 трлн теңге керек. Денсаулық сақтау саласына 2026 жылы – 2,7 трлн теңге, 2028 жылы – 2,3 трлн теңге бөлінбек. Білім саласына 800 млрд теңге беру көзделген. Мәдениет, спорт және туризм саласы да бюджет ақшасынан дәметіп отыр.
МӘДИ ТАКИЕВ – ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
— Әлеуметтік сала бойынша шығыстар 10 трлн 725 млрд теңгені құрады. Мұнда, әлеуметтік төлемдерді 10%-ға индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың 288 мың адамға өсуі ескерілді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын есептеу үшін,медианалық жалақы қолданылды. Сонымен қатар, стипендияны көтеруге, білім алушылар контингентін 19 392 адамға ұлғайтуға да шығыстар жоспарланды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының барлық стратегиялық бастамасы ескерілген екен деп, үш жылдық бюджеттің жобасын құптады. Бірақ бюджет шығындарын бақылауда ұстаңдар деп министрлерге тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Президент тапсырмасына сәйкес, бюджет әлеуметтік мәселелерге бағдарланған болып қалады. Сонымен қатар экономиканың өсуін ынталандыруға бағытталған шығыстар да ұлғайтылатын болады. Мұндай шығыстар осы жылмен салыстырғанда келесі жылы жалпы шығыстар құрамында шамамен 11%-дан 16%-ға дейін өсіп отыр.
Бұл өз кезегінде жалпы ел үшін маңызы бар инфрақұрылымдық жобалар, бизнесті ынталандыру мен мемлекеттік қолдау шараларынан тұрады.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— Сөйтіп, Үкімет алдағы үш жылдың бюджет жобасын мақұлдады. Олжас Бектенов 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімді болжамды да құптады. Енді қаржы және ұлттық экономика министрлері құжатты 1 қыркүйекке дейін Парламент қарауына жіберуге тиіс.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.