Талдықорғанда ерекше балаларды иппотерапиямен емдеу қолға алынды

Жылқы мінген денсаулыққа пайдалы. Ал жайдақ отырып серуендеу – ем. Талдықорған маңында тірек-қимыл аппаратында, жүйке жүйесінде ауытқуы бар балалаларды иппотерапиямен емдеу қолға алынды. Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі ашқан этноауылға қаладағы оңалту орталықтарынан күн сайын 30-ға жуық бүлдіршін барады.
Қала тұрғыны Рүстем Тікембаев 4 жастағы немересін бұл жерге күнде алып келеді. Бала екі жасында сөйлеуден қалған. Дәрігерлер аутизм диагнозын қойып, оңалту орталықтарына барып тұрудан басқа ештеңе істей алмайтынын жеткізген. Атасы немересінің жылқыға отырған күннен бастап, көңіл күйі жақсарып, ұйқысының тынышталғанын айтады.

РҮСТЕМ ТІКЕМБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бұрын энергия көп болған. Үйдің ішінде де тыным таппайтын. Жүгіріп жүретін. Бір отырмайтын. Қазір атқа мінгелі бері энергиясы талып жатыр ма білмеймін. Әйтеуір тынышталды. Қазір әйбәт болды. Қой дегенді біледі. Тоқта дегенді біледі. Әйбәт боп қалды.

Мамандардың айтуынша, балаларды атқа отырғызғанда олардың көңіл күйі бірден көтеріледі. Бұл олардың жүйке жүйесіне оң әсер етіп, жылқымен байланыс пайда болады. Жүйке жасушалары оянып, бұлшық еттерге импульс беріле бастайды. Жылқының энергиясы балаға беріліп, атта отырған науқаста өз-өзіне деген сенімділік пайда болады.

ЛӘЗЗАТ БЕКІШЕВА, ИППОТЕРАПЕВТ:
— Аспанға қарағанда көп баланың басы айналады ғой. Көзін жұмып жатады. Осылай жатқан кезде омыртқаларының бәрін жылытады. Аттың омыртқасы мен баланың омыртқасы бір-біріне сәйкес келеді. Он минут аттың үстінде жүреді. Өйткені бүкіл 12 мүше қозғалады ғой. Содан кейін 5-6 минут осылай жатады. Кейбір балалар сүйсінеді. Одан көбірек жатқызамыз.

Атпен баяу серуендегенде адам денесіне минутына 100 шайқау импульсі беріледі. Және тепе-теңдікті сақтау үшін салт мінген адам бойын жинауға, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. «Шағын ипподромға келіп жүрген балалардың оңалып кетуіне септігіміз тисе, қоғамға қосқан үлесіміз», — дейді Ауған соғысының ардагерлері. Ал баласының ілгері дамуын көрген ата-аналарда үміт пайда бола бастайды.
———————————————