Түрік телехикаяларын сүйетіндерге тамаша жаңалық. «Жетінші арна» көрерменге «Карадайы» туындысын ұсынады. Махаббат, борыш пен әділеттілік жайлы телехикая осы уақытқа дейін әлем бойынша миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулап үлгерді. Ертеңнен бастап шытырман оқиғалы драма эфирге шығады.
Бұл – «Жетінші арнаның» көзден таса дубляж шеберлерінің шығармашылыққа берілген көрінісі. Микрофон алдына жайғасқан майталмандар өзге ұлттың ерекшелігін ескере отырып, қазақстандық көрерменнің көңіліне қонымды жұп-жұмыр туынды жасау үстінде. Әр интонация, әр сезімге баса мән беріледі. Көп ұзамай телеарнада кезекті туындының тұсаукесері өтеді. Сондықтан да студияда жұмыс өте қызу.
ИЛЬДАР ИБРАГИМ, ДУБЛЯЖ АКТЕРІ:
— Бұл – мен дыбыстаған екінші телехикая. Жалпы, дубляждау өнері көп уақыт пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бұл іспен көбіне кәсіби мамандар айналысады. Өз басыма сериалдарды дыбыстау қатты ұнайды. Осы туындыдағы кейіпкерімнің есімі – Назиф.
Сериалда өткен ғасырдың 70 жылдарындағы өмір суреттеледі. Басты кейіпкер Махир өзінің үйлену тойы күні жайсыз хабарды естиді. Әкесі біреуді өлтірді деген айыппен өлім жазасына кесіледі. Оның жазықсыз екенін дәлелдеу үшін Махир өз тергеуін бастайды.
Айжұлдыз Бағланова – Максим Горький атындағы орыс драма театрының актрисасы. «Карадайы» телехикаясында ол бірнеше әйел кейіпкерді дыбыстайды. Бұған дейін Айжұлдыз «Великолепный век», «Бесценное время» секілді танымал сериалдарды дыбыстаған.
АЙЖҰЛДЫЗ БАҒЛАНОВА, ТЕАТР ЖӘНЕ КИНО АКТРИСАСЫ:
— Біздің көрермен адамның ішкі жан дүниесі жайлы сериалдарды ұнатады. Осы телехикаяда да адамның ішкі әлемі қаншалықты қиналып, жаралануы мүмкін екені көрсетіледі. Жалпы, аталған туынды әділетсіздік, махаббат пен өмір сынағына төзе білу секілді сезімдер жайлы сыр шертеді.
«Карадайы» телехикаясының түсірілімі Ыстамбұлдың Бейкөз атты бірегей ауданында жасалды. Сондықтан көрермен әр кадрдан 70 жылдардың рухын сезіне алады. Сериалда басты рөлдерді түрік киносының жұлдыздары – Кенан Имирзалыоғлу мен Бергюзар Корель сомдайды. Осы уақытқа дейін туынды бірнеше елде миллиондаған адамның көзайымына айналып үлгерді. Енді бұл тележобаны «Жетінші арна» көрермені де тамашалай алады. Туындының тұсаукесері 27 тамыз күні сағат 22:00-де өтеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.