Түркістанда аяғы ауыр келіншекті қарауға барған екі фельдшердің біреуін әйелдің күйеуі есінен танғанша ұрған. Жедел жәрдем өкілдері ол үйге шақыртумен барған. Оқиғаға куә болған фельдшердің жанындағы тәжірибеден өтуші медқызметкердің есеңгіреп қалғанын растады. Жарақат алған 26 жастағы жігіт қазір ауруханада жатыр. Артынан фельдшерге қол көтерген ер адам кешірім сұрап, екі жақ келісімге келген.
ЖАНЕЛЬ ҚУАНЫШБЕК, ФЕЛЬДШЕР-ПРАКТИКАНТ
— Бірінші оң жақ бетінен жұдырықпен ұрды, ұрған кезде басымен қабырғаға соғылып, отырып қалды. Отырған кезде аяғымен қатты күшпен бетінен тепті. Тура бетінен тепті. Тепкеннен кейін ағай мең-зең боп қалды, кейін үшінші рет тепті, иығына тиді. Сосын анасы келіп ажыратып алды.
БЕКЗАТ БЕРДЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
— Жабық бас ми жарақаты, бас миының шайқалуы, көз айналасындағы жұмсақ тіндерінің соғылған жарақаты, гематома диагнозымен травматологияға жатқызылды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы орта ауырлықта. Шамамен екі аптаның көлемінде стационарлық ем қабылдайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.