Индерборда Оңалту орталығының құрылысы тоқтап тұр

Атырау облысы Индербор кентінде Оңалту орталығының құрылысы төрт жылдан бері тоқтап тұр. Әсіресе мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға қиын. Өйткені ауылдық жерде ұл-қыздарды апаратын сауықтыру нысаны жоқ.
Ата-аналар қазір балаларын мына қуықтай бөлмедегі психологиялық-педагогикалық мекемесіне тасып жүр. Бала көп болғандықтан, үнемі ұзынсонар кезек. Мұнда күн сайын шамамен 100-ден астам ұл-қыз оңалтудан өтеді.

САМАЛ ТӨРЕМҰРАТОВА, ИНДЕРБОР КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Көңіліміздің толмайтыны – балаларымызға жақсы бір үлкен ғимарат беріп, алдағы уақытта балам кең жерде әрі-бері жүгіріп жүргені, соны армандаймыз. Әрбір ата-ананың арманы. Соған қол жеткізсек деген үміттеміз. Әкімдерге бардық, хат жүзінде жаздық. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ.

Оңалту орталығындағы күрделі жөндеу 2021 жылы басталған. Кестеге сай, құрылысы сол жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ жұмыс сағызша созылып кеткен. Жергілікті әкімдік құрылысты уақытылы тапсырмай, аяқсыз қалдырған мердігерді сотқа берген.

ҚАЙЫРЖАН НҰРИЕВ, ИНДЕРБОР КЕНТІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бір рет соттың шешімімен күрделі жөндеуді аяқтау мерзімі ұзартылған болатын. Одан соң тағы да талап-арыздар берілді.

Жоба құны – 190 млн теңге. Бүгінде қаржының тек 70 проценті игерілген.

АРТУР МУРЗИН, ИНДЕР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мердігер мекеменің жауапсыздығынан күні бүгінге дейін ол созылып келе жатыр. Қазір мердігер мекеме өз қаражаты есебінен, яғни өз есептерінен сыртқы қасбеттерін қоршау жұмыстарын жүргізуде.

Сондықтан ата-аналарға тағы да күте тұруға тура келеді. Ал құрылыстың қашан бітетіні белгісіз. Оған нақты жауап жоқ.
———————————————