Қошқар ата өзені қоқыс алаңына айналды

Шымкенттегі Қошқар ата тұрмыстық және өндірістік қалдықпен ластанып жатыр. Су арнасы толыққанды кәріз жүйесіне қосылмағандықтан, маңайдағы тұрғын үйлерден шыққан ағынды су тікелей өзенге төгіледі. Табиғат жанашырлары осылай дабыл қағып отыр. Жалпы бұл мәселенің айтылып жүргеніне біраз уақыт болды. Алайда әзірге нәтиже жоқ.
Қошқар ата өзені қоқыс алаңына айналып барады. Экобелсенділердің айтуынша, өзеннің асты-үсті қалдыққа толған. Жағасы да қалдыққа көміліп жатыр. «Салдарынан судағы балық та азайып барады», — дейді мамандар. Бұрнағы жылдары қаптап жүретін ақбалық та құрып барады.

СЕРГЕЙ ЕФРЕМОВ, ЭКОБЕЛСЕНДІ:
— Тұрғындардың Қошқар атаны кәріз ретінде пайдаланып отырғаны – үлкен мәселе. Яғни олар өздерінің қалдық суларын түгел дерлік осы өзенге ағызып жатыр. Неге бұлай? Себебі орталық кәріз жүйесі жоқ. Сондықтан жергілікті билік бұған ерекше назар аударып, жағдайды түзеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы керек деп ойлаймын.

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері бұл мәселеден хабардар. Бірақ әзірге оны шешуге қауқарсыз екенін айтады.
МАДИНА НҰРЖАНОВА, ЭИД БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:
— Қазіргі таңда канализациялық тазарту станцияларының қуаттылығы аз болуына сәйкес, біз барлық жерде канализация құбырларын жүргізуге мүмкіндігіміз жоқ. Сол себептен өзенді қазір ластау жүріп жатыр.

2010 жылы Қошқар ата өзеніне ерекше қорғалатын табиғи нысан мәртебесі берілген. Бірақ одан кейін де жағдай өзгерген жоқ. «Кейде тіпті суы қызыл түске боялып, оған құрылыс қалдықтары құйылады», — дейді экобелсенділер. Сондықтан жағалаудан 35 метр аумақты түгел тазартуды талап етіп отыр.
———————————————