Тауар айналымы 500 млн долларға жетпек. Қазақстан мен Иордания Хашимит Корольдігі арасында сауда-экономикалық байланыс нығаяды. Елімізден Иордания нарығына 60-қа жуық өнім түрі экспортталмақ. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолында да маңызды келіссөздер жасалды. Бұл туралы бүгін қос мемлекеттер басшылары кездескен жиында айтылды.
Иордания Хашимит Корольдігі королінің сапарына орай, құрмет қарауылы сап түзеді. Абдалла бен әл-Хусейнді әуежайдан Президент Қасым- Жомарт Тоқаев қарсы алды. Екі елдің басшылары құрмет қарауылының алдынан жүріп өтіп, ресми делегация мүшелерін таныстырды. Ал Ақорда резиденциясында мәртебелі мейман Мемлекет басшысына Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденін тапсырды. Қазақстан Президенті Иорданиямен өзара тиімді әріптестік қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз ықпалдастығымыздың жаңа көкжиегі белгіленген бүгінгі келіссөздердің қорытындысына баса мән береміз. Осынау маңызды сапардың нәтижесі серіктестікті одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сенемін. Елдеріміз арасындағы конструктивті диалог пен тығыз қарым-қатынас алдағы уақытта да кеңейе бермек. Бұл жаңа бағыттарды қамтып, екіжақты әріптестіктің дамуына ғана емес, өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа да ықпал етеді деп ойлаймын.
Қос ел сауда-экономикалық серіктестікті басым бағытқа айналдыруға ниетті. Қазақстан Иордания нарығына 60 өнім түрін экспорттауға дайын. Олардың жалпы құны 250 миллион доллардан асады. Екі мемлекет тауар айналымын жарты миллиард долларға дейін ұлғайтуды межелеп отыр. Ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты арттырудың да әлеуеті зор.
II АБДАЛЛА БЕН ӘЛ-ХУСЕЙН, ИОРДАНИЯ ХАШИМИТ КОРОЛЬДІГІНІҢ КОРОЛІI.:
— Бүгінгі сапар түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморандумға қол қойылды. Бүгінгі уағдаластықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін.
Иордания корольдігі медицина, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын. Қос мемлекет мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолында да маңызды келіссөздер жүргізбек. Тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асырып, білім беру ордалары арасында әріптестік орнатуға қызуғышылық танытты. Тағы бір жағымды ақпар, келер жылы Royal Jordanian әуе компаниясы Амман мен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашпақ. Бұл бастама Иордания корольдігімен іскерлік байланысты жандандыратыны талас тудырмайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.