Қаздан қашқан кішкентай Керей 150 млн қаралым жинады

Ақтөбеде үш жасар бала әлеуметтік желі жұлдызына айналды. Қаздан қашқан кішкентай Керейдің бейнежазбасы 150 миллионнан астам қаралым жинаған. Бейнероликпен тіпті америкалық рэпер Снуп Дог бөліскен.
Махамбет Ермеков жариялаған бұл видео желіде желдей есіп, тез тарады. Ол өз парақшасында Керей есімді баласының қаздан қашып келе жатқан сәтімен бөліскен. Бірақ бейнежазба осыншалықты танымалдылыққа ие болады деп ойламапты.
МАХАМБЕТ ЕРМЕКОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Снуп Догг мені белгілеп, Керейдің видеосын репост жасап салып қойған. Содан кейін таралып кетті. Қуандым енді. Осы сәтті пайдаланып инстаграмымды дамытқым келеді, парақшамды жүргізгім келеді.

Сөйтсе, кішкентай Керей қаздан қорықпайды екен. Бірақ дәл сол күні қолындағы жем салатын шелекті көрген құстар артынан қуған соң, балақай жылап қаша жөнелген. Бұл роликті 150 миллионнан астам адам көріп үлгерді. Айта кету керек, көптің сүйіспеншілігіне бөленген Керейдің екі інісі бар.

ҚАЛАМПЫР БИСЕНҒАЛИЕВА, КЕРЕЙДІҢ ӘЖЕСІ:
— Бес немерем бар. Немерелерімнің бәрі жақсы. Өзіме сүйкімді, жақсы, әдемі. Бәріне қамқормын.

«Керейдің танымалдығы отбасыға тек жақсылық әкелді», — дейді ата-анасы. TikTok пен Instagram-дағы парақшасына жазылушы күрт көбейген. Әзірге шетелдіктер басым. Жарнамаға түсуге ұсыныстар да келіп жатыр. Сондай-ақ бейнежазбадағы шелекті танымал еткен кәсіпорын сый ұсынған. Киім бутиктерінің бірі Керейге «Қаздан қашқан бала» деген жазуы бар жейде тігіп беріпті.
———————————————