Қазақстан мектептерінде күзетші болып жұмыс істегісі келетіндер үшін жаңа шектеу пайда болды. Енді білім ордаларына 50 жастан асқан азаматтар күзетші бола алмайды. Билік бұл шешімді балалардың қауіпсіздігін күшейту үшін қабылдағанын айтады. Алайда жасына байланысты талапқа сай келмей, жұмыссыз қалатындардың қайда баратыны белгісіз.
Бұл – Астанадағы мектеп-гимназиялардың бірі. Қауіпсіздік ережесіне сай, кіреберісте күзетші отыр. Оның жасы 55-те. Білім ордасын он жылдан бері күзетіп жүрген маман енді басқа жұмыс іздеуі керек. Себебі жуырда қабылданған жаңа талапқа сәйкес, енді 50 жастан асқан адамдар мектепте қарауыл бола алмайды. Күзетші бұл талаппен келіспейді, бірақ пікірін камераға айтқысы жоқ.
ЭЛЬМИРА МҰХАНБЕДИНА, №3 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ ДИРЕКТОРЫ:
— Күзетші біздің мектепте көптен бері жұмыс істейді. Балалар оны жақсы таниды, құрметтейді. Бүгінге дейін оның жұмысына қатысты ешқандай ескерту болған жоқ.
Мектептегі күзетшінің жұмысы оңай емес. Әр кірген адамды тіркеу, бейнебақылауды қадағалау, төтенше жағдайда оқушыларды сыртқа шығару – бәрі үлкен жауапкершілік.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— Мектеп күзетшілері тек есіктің алдында отыра бермейді. Олар қауіпті жағдайдың алдын алып, қажет болса оқушылар мен мұғалімдерді қорғауы тиіс. Сондықтан жаңа талап бойынша күзетке физикалық тұрғыдан шыныққан, жас мамандар қойылуы керек.
Шенеуніктердің пікірінше, мұндай ауыр міндетті 50-ден асқан азаматтар атқара алмайды. Мектеп күзетшілері тек 25 пен 50 жас аралығында болуы шарт. Бірақ бұл жастағылар күзетші алатын азын-аулақ айлыққа келе бермейді. Қоғамда бұл шешім әртүрлі пікір туғызды. Кейбіреулер: «Қауіпсіздік үшін дұрыс», — десе, енді бірі: «Зейнет жасына дейін жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек», — дейді.
Осылайша, бұл шешім талай тәжірибелі азаматты жұмыстан шеттеткелі отыр. Зейнет жасына жетпеген мамандардың қайда баратыны белгісіз. Білім саласындағы өзгеріс бұл ғана емес. Енді мұғалімді қорлағаны, әдепсіз әрекет жасағаны, әлеуметтік желіде тіл тигізгені үшін 157 280 теңге айыппұл қарастырылған.
ГҮЛДЕН АҚЫТАЕВА, ҚР ОАМ ЗАҢ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Педагогқа құрметсіздік танытқан, балағаттаған, әдепсіз мінез-құлық көрсеткен, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы да қорлаған жеке тұлғаларға 40 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Ал егер педагогқа қоқан-лоққы жасалса немесе жалған ақпарат таратылса, жауапкершілік қатаңдатылып, қылмыстық жазаға дейін жеткізіледі.
Ұстаздарға заңсыз талап қоюға тыйым салынды. Мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тарту, заңда қарастырылмаған есеп немесе ақпарат сұрату, негізсіз тексеріс жүргізу, сондай-ақ тауар не қызметті сатып алуға мәжбүрлеу – мұның барлығы енді заңға қайшы әрекет саналады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.