Ақтөбе іргесіндегі «Бауырластар-2» ауылында тағы да шу шықты. Биылғы жылы мұнда 41 көшеге асфальт төселуі тиіс болатын. Алайда жол тек екі көшеге салынған. Жолдың жоқтығынан 8 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенге қоғамдық көлік қатынамай отыр. Ал жергілікті жұрт жақын маңдағы аялдамаға жету үшін күнде 2-3 шақырым жаяу жүруге мәжбұр.
Жолдың жоқтығынан жергілікті халық әбден мезі болды. «Бауырластар-2» елді мекеніне қоғамдық көлік қатынамай қойыпты. Тұрғындар болса бірнеше шақырым жолды жаяу жүреді. Әсіресе балалар мен қарияларға қиын.
ЗӘУРЕШ ҚҰЛЖАНОВА, БАУЫРЛАСТАР-2 АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Біздің үйден аялдамаға дейін бір километр жаяу жүреміз. Менің ерекше балам бар. Оны қалаға алып баруға міндеттімін.
БАҚЫТБЕРГЕН ҚАЙБОЛДИНОВ, БАУЫРЛАСТАР -2 АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Автобус керек. Балаларымыз мектепке барады. Үйге барғанша жаңбырда жер езіліп кетеді. Жүріп-тұру қиын. Инвалид көршім бар.
«Бауырластар-1» ауылында да дәл осындай жағдай. Екі елді мекеннің жолын жөндеуге 10,4 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бірақ нәтиже жоқ.
НҰРТАЙ ИБРАИМОВ, БАУЫРЛАСТАР-1 АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Биыл сәуірде басталған жұмыс, мінекей, 6 ай болды, ешқандай жұмыс істелінген жоқ. Басшыларынан сұрасақ, мердігер компания бізге ақша аударылған жоқ дейді. Енді кім жауап береді? Неге осыны қолға алмайды? Неге халықпен санаспайды?
Мердігер компания өкілдері болса, жұмыстың кешеуілдеуін битумның жоқтығымен байланыстырады. Қазір ол Ресейден тасымалданып жатыр.
ЕРАЛХАН ДИЯРОВ – МЕРДІГЕР КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:
— Битумға бізде қазір дифицит болып жатыр. Асфальт көбіне халықаралық трассаларға беріліп жатыр. Хромтау трассасы бар. Бізге ең соңғы кезекте жеткізеді.
Ал қалалық әкімдіктегілердің сөзінше, жөндеу жұмыстары былтыр басталғанымен тиісті қаржы тек шілде айында бөлінген. Мердігер болса 41 көшені асфальттап үлгермейді. Сондықтан жоба келер жылға шегерілмек.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.