Өскеменде былтыр ғана жөнделген көпір опырылып қалды. Қатты жауған жаңбырдан Үлбі өзені деңгейі 6 метрге көтеріліп, тіреуіштердің бірін шайып кеткен. Зардап шеккендер жоқ. Қазір көпірге баратын барлық жол жабылды. Арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Былтыр бұл көпірді қалпына келтіруге 600 миллион теңге жұмсалған. Қалалық әкімдік өкілдерінің сөзінше, өткелдің опырылған бөлігін мердігер қалпына келтіреді. Өйткені оның кепілдік мерзімі өткен жоқ. Жалпы, бұл инженерлік инфрақұрылым қала үшін аса маңызды. Себебі ол өнеркәсіп аймағын қала орталығымен байланыстырады. Әрі онымен күн сайын орта есеппен әрлі-берлі ондаған мың көлік қатынайды.
АЛМАТ АҚЫШОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
— Біз қаладағы көпірлерді тексеру үшін арнайы жұмыс комиссиясын құрдық. Оған менің орынбасарым төрағалық ететін болады. Алдағы уақытта барлық нысанға зерттеу жүргіземіз. Бұл мәселені мен жеке бақылауыма аламын.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.