Ауғанстандағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 900-ге жетті. 3 мыңнан аса адам жарақат алған. Мыңдаған үй қирап қалды. Кейбір ауыл толығымен жермен жексен болды деген де ақпар бар. Соның салдарынан біраз адам үйінді астында қалып қойған. Қазір апат аймағында зардап шеккен азаматтарды құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін бірнеше әскери тікұшақ тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, 31 тамыз күні түнгі сағат 12-лерде Джалалабад қаласынан 27 шақырым жерде кенеттен жер сілкінді. Магнитудасы 6 балға жеткен. Дүмпулер Кабулда, тіпті 400 шақырым жерде орналасқан Пәкістанның Исламабад қаласында сезілді.
ТАСҚЫННАН 2 МЛН АДАМ ЭВАКУАЦИЯЛАНДЫ
Пәкістанның солтүстік-батысында алапат тасқыннан 2 млн адам эвакуацияланды. Дені Пенджаб провинциясынан. Тұрғындар мектептер мен әскери нысандарға орналастырылды. Құтқару жұмыстарына жүздеген әскери қызметкер жұмылдырылған. Аймақта жауын-шашын бірнеше күннен бері толастар емес. Соның салдарынан үш бірдей өзен арнасынан асып, елді мекендерді су шайып кетті. Қолда бар мәлімет бойынша 2300-дей ауыл зардап шеккен. Табиғи апаттан 30-дан аса адам опат болды. Билік өкілдерінің айтуынша, мұндай тасқын ел тарихында бұрын-соңды болмаған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.