Қытай Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар инвестиция құйды. Бүгін Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Ауқымды шара мемлекет басшысы қатысып, сөз сөйледі.
«Қытай – жаһандық көшбасшы мемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соның ішінде сауда саласындағы басты серіктесі. Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді», — деді Қасым-жомарт Тоқаев Бейжіңдегі іскерлік кеңесте сөйлеген сөзінде.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді.
Жиында Президент Қазақстан экономикасын әртараптандыруға жол ашатын жобаларға тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан тау-кен металлургиясы кешенін дамыту үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бұл іске Қытайдың ірі компаниялары атсалысуда. Мысалы, Fujian Hengwang Investment компаниясының Жамбыл облысында металлургия зауытын салу жобасын атап өтуге болады. Зауыт жылына үш миллион тонна болат өндіруге мүмкіндік бермек. Ал Jiaxin International компаниясы Алматы облысындағы Бұғыты кенішінде вольфрам кенін өңдеу жобасын іске қосты. Құрылыс индустриясында қытайлық кәсіпкерлермен табысты байланыс орнатылды. Атап айтқанда, China Glass компаниясы Қазақстан үшін теңдесі жоқ шыны зауытының жобасын жүзеге асырды. Жақында Алматы қаласында автокөлік өндіретін мультибрендті зауыт іске қосылады. Зауыт жылына 120 мың көлік шығарады.
Президент цифрландыру саласындағы Қытайдың жетістіктері бүкіл әлемге белгілі екенін атап өтіп, осы бағытта тығыз байланыста жұмыс істеуге ниет білдірді. Біз «Alatau City» жаңа қала салу жобасына айрықша мән беріп отырмыз. Бұл қала елімізде және тұтас аймақта инновацияны, криптоиндустрия мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын қуатты орталық болуға тиіс. «Осы орайда, біз қытайлық компаниялармен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз», — деді Мемдекет басшысы.
Президент ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсянмен бірге бейнебайланыс арқылы Жамбыл облысында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың алғашқы кешенін салтанатты түрде іске қосты. Бұл әлемдегі ең ірі компанияның елімізде ашқан бірінші кәсіпорны. Өндіріс базасы Шу қаласында орналасқан. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі басқосу бизнес өкілдері арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға зор септігін тигізері анық.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.