Мәжіліс пен Сенат депутаттары қайтадан жұмысқа кірісті

Парламенттің жаңа сессиясы басталды. Жазғы демалыстан кейін Мәжіліс пен Сенат депутаттары қайтадан жұмысқа кірісті. Сегізінші шақырылымдағы төртінші сессияның ашылуы бүгін өтті. Әдетте мұндай жиынды Президенттің өзі ашатын. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Қытайда іс-сапарда жүр.
Үкімет ғимаратына бүгін жан бітті. Екі айлық каникулдан оралған қос палата депутаттары жаңа саяси маусымның алғашқы отырысын Парламент қабырғасында емес, Үкімет үйінде өткізді. Сенаторлар түгел төбе көрсетсе, Мәжілістен бір депутат қатысқан жоқ. Үлкен жиынға Үкімет басшысы мен министрлер кабинеті, Мемлекеттік кеңесші, Президент Әкімшілігінің басшысы да келген. Бәрі алдымен қолын жүрек тұсына қойып, әнұран тыңдады. Содан кейін Мәжіліс төрағасы сегізінші сайланған Парламент депутаттарының төртінші сессиясын ашып берді.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ:
— Бүгіннен бастап Парламенттің төртінші сессиясы өз жұмысын бастайды. Сегізінші қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысы өтеді. Онда Президентіміз жылдағы дәстүр бойынша халыққа жолдауын жариялап, алдымызға жаңа міндеттер қояды. Осымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы жабық деп жарияланады.

Сөйтіп, бірлескен отырыс бас-аяғы төрт минутта аяқталды. Мәжіліс пен Сенат депутаттары енді апта сайынғы пленарлық отырысқа дайындалуға тиіс. Жазғы айларда халық қалаулылары өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесті. Жергілікті жердегі мәселелерді тыңдап, оларды Парламент қабырғасында көтеруге уәде берді. Сенатор Геннадий Шиповских шалғай елді мекендерге бармағанын айтады. Себебі биыл жазда сәбилі болыпты. Бірақ жақын маңдағы ауылдардың халқымен кездестім, бір қапшық мәселе жинап әкелдім дейді.

ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
— Бірінші мәселе, құдай қаласа, Сенаттың жалпы отырысынан басталайын деп тұр. Яғни кейбір блогерлердің заңсыз әрекеттеріне байланысты, онлайн-казино платформаларын жарнамалауға қатысты. Сонымен қатар адам баласы түсінбейтін, ауа секілді курстарды жарналамалауға қатысты. Осы азаматтарға байланысты Қаржы мониторингі агенттігі басшысына тікелей депутаттық сауал жолдаймыз.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин биылғы маусымда ЛГБТ насихатына заңмен тыйым салу мәселесін тағы да көтермек. Айтуынша, ЛГБТ өкілдері әлеуметтік желіде ашық үгіт-насихат жүргізіп отыр. Оны қазір тыймасақ, ертең кеш қалуымыз мүмкін.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Сіз өзіңізді сондай өкіл екеніңізді, сондай бағытта екеніңізді арнайы барлық БАҚ арқылы немесе әлеуметтік желіні пайдаланып, жариялауды үгіт-насихат деп есептейміз. Себебі бұл, бірінші кезекте, біздің жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлкен әсер етеді. Адамдар өзінің ориентирінен айырылады. Өзінің кім екенінен шатасады. Шетелдің зерттеулері осы қауымдастық өкілдерінің көбіне суицидке баратынын, үлкен психологиялық дағдарысқа ұшырайтынын көрсетіп отыр. Сондықтан мен бұл насихатқа қарсымын және оны заңмен бекіту керек деп есептеймін.

Депутат Нартай Сәрсенғалиевтен күн санап қымбаттап жатқан жанар-жағармайға қатысты пікір сұрадық. Ең арзан саналатын АИ-92 маркалы бензин екі күнде тағы құн қосқан. Бүгін Астанадағы кей бекеттерде 231-233 теңгеден сатылып жатыр. Мәжілісмен мәселенің түбірі – шекарада дейді.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Жанар-жағармайдың қымбаттауы кезінде біз мәселе көтерсек, бір дүние айтылады, білесіздер. Біздің батыстағы ағайындар бірнеше бак қойып алып, Ресейге арзанға бензин сатады дейді немесе оңтүстіктегі ағайын бірнеше бак толтырып, Қырғызстанға, басқа елдерге өткізіп сатады дейді. Кешіріңіздер, бірақ азаматтар қосымша бак қойып, бензинді көрші елге шығарып сатады дегені бұл жанар-жағармайды қымбаттатып қояйық дегеннің ақтауы болмауы керек. Демек, бұл – шекара қызметінде қандай да бір проблема бар екенінің көрсеткіші.

8 шақырылымдағы төртінші сессия алдағы бір жыл бойы жұмыс істейді. Депутаттар жаңа маусымда жасанды интеллект, жеке тұлғаларға лизинг беру, экологияға қатысты заң жобаларын қарастырмақ. Оған қоса, әдеттегідей Президент жолдауда айтатын мәселелерді жұмысқа алады.
———————————————