Әлемді мойындатқан Ақназар. Балқашты 13 сағатта жүзіп өтіп, әлем рекордын жаңартқан қазақстандық пара спортшының ендігі арманы қандай? Бір қолы мен бір аяғы жоқ азаматтың бұл әрекетін естіген жұрт еріксіз елең етіп, кейбірі үлгі тұта бастады.
Мүгедектік спортпен шұғылдануға кедергі емес. Бір қол, бір аяқсыз Балқаш көлін жүзіп өткен параспортшы Ақназар Мүтәліптің ерлігі – осы сөзімізге толық дәлел. Жігерлі жігіт 13 сағатта 20 шақырымды шаршамай, шалдықпай еңсеріп, әлемдік рекорд орнатты. Бұған ол бір жыл бойы дайындалған.
АҚНАЗАР МҮТӘЛІПОВ – ПАРАСПОРТШЫ:
— Өзімді суда жақсы сезінемін. Сенімді сезінемін. Сондықтан ешқандай қобалжу, уайым болған жоқ. Өмір болғаннан кейін әр адамда мақсат болуы керек. Сол мақсаттың жолында өмір қызығырақ болатын сияқты.
Ақназар Мүтәліп туғаннан мүгедек емес. 2018 жылы теміржолда жол жөндеуші болып жұмыс істеп жүріп, пойыз қағып кеткен. Осы оқиғадан кейін бір қол, бір аяғынан айырылады. Бірақ бұл жағдай оның жігерін жасытқан жоқ. Керісінше спортқа деген қабілетін шыңдай түсті. Ол әуелі волейбол, үстел теннисімен шұғылданғанын айтады. Бірақ кейін суда жүзу спортына қызығушылығы оянып, күнделікті тынымсыз жаттыға бастайды. Сөйтіп, небәрі екі айдың ішінде ел чемпионатына жолдама алып, жарыста жүлделі орынға ие болады.
АҚНАЗАР МҮТӘЛІПОВ – ПАРАСПОРТШЫ:
— Бір қол, бір аяқсыз да осындай дистанцияны жүзіп өтуге болады. Мүмкін екенін әлемге дәлелдегім келді. Әлемде былай ешкім жүзбеген. Өзім сияқты адамдарға мотивация бергім келеді. Әлем рекордын орнатқым келді..
Табандылығы мен еңбекқорлығының нәтижесінде Ақназар Мүтәліп мүгедектіктің шектеу емес, керісінше мүмкіндікке жол ашатынын дәлелдеді. Қайсар жігіттің бұл әрекеті мыңдаған адамның үмітін оятып, жігерлендірді. Талмай еңбектеніп, табандылық танытқан адам түбінде жетістікке жететінін дәлелдеді. Ақназардың ендігі арманы – өзі жаңартқан әлемдік рекордты ресми түрде Гиннесс рекордтар кітабына енгізу. Қазір осы мақсатқа жету үшін талмай еңбектеніп жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.