Ақсу ферроқорытпа зауытында күйіп қалған жұмысшыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ақсу ферроқорытпа зауытындағы күйіп қалған 3 жұмысшының жағдайынан кейін қылмыстық іс қозғалды. Павлодар облыстық полиция департаменті хабарлағандай, оқиғаға еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы себеп болуы мүмкін. Балқытатын пештен қалдықтар құлап, үш адам жанып кете жаздаған. Біреуінің денесі 50 пайызға күйген. Ол жасанды желдету аппаратына қосылды. Дәрігерлер шұғыл көмекті көрсетті. Ал екіншісі стационарда ем қабылдап жатыр. Үшінші жұмысшы амбулаторлық емдеуге жіберілді. Айта кетейік, Ақсу ферроқорытпа зауыты – кремний, марганец, хромды темір қорытпасын өндіретін кәсіпорын.
ЖАНАР БЕЛЯЛОВА – ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Алдын ала мәлімет бойынша, Ақсу қаласындағы зауыттың балқыту цехында пештен шихта материалдары шыққан. Салдарынан күйіп қалған үш қызметкер ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады.
———————————————