Ақтөбеде сушиден улану оқиғасына қатысты кінәлілер анықталды. Тамыз айының соңында тағамнан ұшынған сегіз адам, оның ішінде үш бала қалалық инфекциялық ауруханаға түскен болатын. Бәрі жылдам тамақтану орнынан үйге суши алдыртып жеген. Тексеру барысында осы дәмхананың үш аспазы стафилококк тасымалдаушысы екені анықталды. Ол жерде суши ғана емес, басқа да тағамдар дайындалған. Бактерия жұқтырған үш аспаз бен тағы бес қызметкердің санитарлық кітапшасы болмаған. Олар жұмыстан уақытша шеттетілді. Ас үйде сақталған азық-түліктен ішек таяқшасы да табылған. Соған қарамастан дәмхана қазір жұмыс істеп жатыр. Санитар дәрігерлер тексеру қорытындысын полицияға жолдаған, бірақ тәртіп сақшылары әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.
ИНДИРА АЯҒАНОВА – СЭБД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Зертханалық зерттеулер нәтижесі бойынша үш аспаздан патогенді стафиллокок, үш дайын тағамнан: суши Цезарь, суши Америка, суши Каппа Макиден патогенді стафиллокок анықталды және бір шикі тауық етінен ішек таяқшалары тобының бактериялары анықталды. Қорытындысында, инфекция көзі үш аспазшының анықталған стафиллокок бактериалды тасымалдаушылығы болып отыр. Берілген жолы – дайын тағамдардың екінші рет ластануы.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.