Бейжіңде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру өтті

Бүгін Қытайда елдік үшін күрескен батырлар ұлықталды. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған қарулы күш өкілдеріне құрмет көрсетілді. Салтанатты іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Сап түзеген сарбаздар. Түп-түзу тізілген техника. Бүгін Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру өтті. Қытай әскерінің қаймағы жиналған ауқымды шараны тамашалауға 26 елдің басшылары шақырылды. Қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шерудің құрметті қонағы.

Бейжіңдегі еңселі шеру – сапардың бір бөлігі ғана. Тамыздың 30-ынан алып көрші аумағында болған президент Қытай басшысымен маңызды да мазмұнды келіссөздер өткізіп, сан түрлі сала бойынша серіктестікті тереңдетті. Мемлекеттік кеңестің бірінші вице-премьері Дин Сюэсянмен бірге Жамбыл облысында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың алғашқы кешенін салтанатты түрде іске қосты.

Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің қорытындысы бойынша жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар жетекші компаниялар басшыларымен «жасыл» энергетика, екінші атом электр стансасының құрылысы, электр желілері инфрақұрылымын жаңғырту, көлік, машина жасау мен цифрлық технологиялар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ — ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз «Alatau City» жобасына айрықша мән беріп отырмыз. Бұл қала елімізде және тұтас аймақта инновацияны, криптоиндустрия мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын қуатты орталық болуға тиіс. Осы орайда біз қытайлық компаниялармен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз. Бүгін China State Construction Engineering Corporation компаниясы қазақ тарапымен тиісті келісімге қол қояды. Біз оны толық қолдаймыз. Құрылысты тез арада бастау қажет деп ойлаймын. Жақын арада «Alatau City» біртұтас экожүйе ретінде арнайы мәртебеге ие болады.

Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев «Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық ұйым құру бастамасын қолдайтынына ерекше тоқталып, аталған бағытта тығыз байланыста жұмыс істеуге ниет білдірді.
———————————————