Астанада бүтін бір әулет өмірін энергетика саласына арнаған. Мұсайыловтар отбасының бұл саладағы жиынтық еңбек өтілі бір ғасырға жеткен. Әкесі – апаттық бригадада, қызы – инженер. Жай ғана мамандық емес, мұраға айналған кәсіп. Еңбегімен ел алғысына бөленген әулет кімдер?
Апаттық бригада келесі мекенжайға асығып жатыр. Қауіпсіздікті сақтау керек.
Қысы-жазы, жаңбыр мен боранда апат орнына жететін дәл осы электрмонтерлер. Қайрат Мұсайылов – 35 жыл бойы осы салаға арнаған тәжірибелі маман. Еңбек жолын бригада да бастаған ол кейін апатты жағдайда арнайы шығатын қызметке ауысқан.
Еңбегі де еленді. «Құрметті энергетик» атағының иегері. Кеудесінде «Еңбек даңқы» төс белгісі. Бүгінде Қайрат Мұсайыловтың әулеті де осы салада еңбек етіп жүр. Жұбайы диспетчер болып жұмыс істейді.
КАЙРАТ МҰСАЙЫЛОВ, «ӨЭК» АҚ ЭЛЕКТРОМОНТЁРІ:
— Кез келген апатқа дайын болу керек. 90-жылдары есімде, ТП-135 толық жанып кетті. Жаңа жыл түні еді. Бүкіл қызмет сол жерде болды. Үстіміздегі түтіннің иісін шүберекпен жуып, сүртіп жатырмыз. Шахтер сияқты едік сол кезде… Таңға жуық адамдар үйлерінен шықты. Біз үстіміз кір-қожалақ, аяқ-қолымыз тоңып тұр. Сол кезде біреулері қасықпен тамақ берді, жылы-жұмсағын ұстатты. Халыққа қажет екенімізді ерекше сезіндім. Өйткені жарықпен қамтамасыз етеміз.
Әке жолын жалғаған Әдия Мұсайылова да инженер болып қызмет етіп жүр. Жаңа ғимаратты жарыққа қосуға көмектеседі. Өтініштерді рәсімдеп, тұтынушыларға кеңес береді. Әдия бұл мамандыққа кездейсоқ келмегенін айтады.
ӘДИЯ МҰСАЙЫЛОВА – «ӨЭК» АҚ ИНЖЕНЕРІ:
— Мен Қазақ агротехникалық университетін «Электротехникалық инженерия» мамандығы бойынша тәмамдадым. Бұл жолды таңдауыма, ең алдымен, отбасым себеп болды. Әкеміз бәрімізге үлгі болды. Өз ісімен, мамандығына деген шынайы махаббатымен бәрімізді шабыттандырды.
Иә, олардың жұмысы көзге көрінбеуі мүмкін. Бірақ энергетиктер елдің тіршілігін тасада тұрып қамтамасыз ететін маман екенін білген абзал.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.