Алматы облысындағы «Көшпенділер қалашығы» мемлекет меншігіне өтті. Бұрын ол Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының қарауында еді. Енді аумағы 6 гектар жерді алып жатқан декорациялық кешенге Қонаев қалалық түрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі иелік етеді. Аталған нысанға қазірдің өзінде ұзындығы жеті шақырымдық жол салына бастады.
Іле өзенінің сол жағалауында орналасқан «Көшпенділер қалашығына» осы күні турист көп келеді. Деректі фильм, реалити-шоу, бейнебаян түсірушілердің және декорациялық кешенді тамашалап көру үшін келетін қарапайым демалушылардың да қарасы қалың. Өйткені мұнда осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын көрерменнің көзайымына айналған «Көшпенділер» фильмі түсірілген еді.
Қабырғасы саз балшықтан қаланған қалашық тез ескіріп, бастапқы келбетіне айтарлықтай нұқсан келді. Сол себепті «Қазақфильм» киностудиясымен арада бірнеше рет келіссөз жүргізіліп, нәтижесінде «Көшпенділер қалашығы» Қонаев қалалық әкімдігінің балансына өтті.
АҚЕРКЕ ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ, ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Қазірдің өзінде инфрақұрылымын дамыту мақсатында жұмыстар басталған. Атап өтсек, жаңа жол салынып жатыр. Бұл жол бұрынғы жолға қарағанда ыңғайлы әрі тиімді болады. Жолдың жалпы ұзындығы 7 шақырымға жуық.
Жоба бойынша екі жолақты жолдың бойы жарықтандырылып, қалашық іргесінен автотұрақ жасалады. Ол туристердің аталған нысанға емін-еркін қатынауына мүмкіндік береді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тас жол құрылысы биыл аяқталады. Ал алдағы жылы мұнда ғаламтор желісі тартылады. Қазір қалашықты қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.