Алаяқтар SMS-код сұрамай-ақ алдаудың жолын тапқан

Алаяқтар жеке дерек, картаға қол жеткізудің қулығын тауыпты. Енді олар SMS-код сұрамайды, себебі өздері оны көре алады. Өзін салық органы, банк не басқа мекеме қызметкері ретінде таныстырып, телефонды қашықтан басқаратын AnyDesk, TeamViewer секілді қосымшаны орнатуды сұрайды. Немесе бейнеқоңырау кезінде экранды көрсету функциясын қосуды талап етеді. Құрылғыны тексеріп береміз, өтініш толтыруға көмектесеміз немесе ақауды жоямыз деген желеумен олар телефонға толық иелік етеді. Нәтижесінде, алаяқтар SMS-кодты, банк картасының дерегі, жеке кабинетке кіретін мәліметтерді және өзге де құпия ақпараты тікелей көре алады. Ал одан қалай сақтану керек?
ДМИТРИЙ АКМАЕВ – ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ АГЕНТТІГІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Ол: «Қосымшаға кіріңіз, бөлісіңіз, экранды көрсету функциясын қосыңыз», — деп нұсқау береді. Дәл сол сәтте ол SMS жібереді, ал сізге код хабарлама түрінде шығады. Мәселе сонда, ол кодты көріп алады. Сондықтан, біріншіден, мұндай нұсқауларды істемеңіз. Екіншіден, қосымша қорғаныс үшін телефонда хабарлама мазмұны бірден экранда шықпайтындай етіп қою керек.
———————————————