Жатақханада орын жетпеген студенттер қонақүйді паналауға мәжбүр

Астанадағы көлік колледжінің кейбір студенті қонақүйді паналауға мәжбүр. Ақшасы тасығаннан емес. Оқу орнының жатақханасында орын жоқ. Ал пәтер жалдайын десе, кәмелет жасына толмаған балаларды ешкім алмайды. Екі ортада қалған студенттердің мәселесін құзырлы министрлік қалай шешіп жатыр?
Оралдан келген Гүлсезім Нәбиеваның екі баласы Астана көлік колледжінің екінші курсында оқиды. Былтыр екеуі де жатақханада жатқан. Биыл қыз балаға сол жерден орын тапқанымен, ұлды орналастыра алмапты. Енді 16 жастағы жеткіншекті қайда жатқызып оқытарын білмейді. Уақытша жата тұрсын дейтіндей, Астанада ешбір туысы жоқ. Сондықтан жақын маңдағы қонақүйде тұрып жатыр.

АРҚАЛЫҚ НӘБИЕВ, КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ:
— Былтыр жатақханада тұрдым, биыл не істейтінімді білмеймін.
ГҮЛСЕЗІМ НӘБИЕВА – АНАСЫ:
— Білім басқармасы: «Жатақхана жоқ, сіз түсінбейсіз бе?», — дейді. Мен жатақхана жоқ екенін түсініп тұрмын. Мен де пәтер іздеп жатырмын. Бірақ 16-ға толмаған баланы пәтерге жібермей отыр. «Алмаймыз, өкілі болуы керек», — дейді.
Баласына жатын орын таба алмай жүрген ол ғана емес. Колледж басшылығы ата-аналарға төрт бала тұратын бөлмеге бесінші болып орналастыруды ұсынған. Тек керует алып беру керек депті.

Биыл бірінші курсқа көп бала түскендіктен, жатақханада орын жетпей жатқанын колледж басшылығы мойындайды. Екінші курсты айтпағанда, 120 орынға жаңа келген 500 баланы орналастыру керек.

АЙНҰР СӘРСЕНБАЕВА – М. ТЫНЫШПАЕВ АТ. КӨЛІК КОЛЛЕДЖІНІҢ ӨКІЛІ:
— Екінші курс студенттеріне жатақхана кезекпен беріледі. Бірінші курстар осы апта алады. Биыл құжат қабылдау онлайн түрінде болды. Әлі де алыстан билет алып келмеген балалар бар. Солардың құжаттарын алып, орналастырғаннан кейін біз екінші курстарды орналастыруды бастаймыз. Жатақханада орын қалмайды деген болмайды.

Ел бойынша колледждердің 5 мыңнан астам студентіне жатақханадан орын жетпейді. Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселені шешу үшін қазір сегіз жатақхана салып жатыр. Төртеуін осы айда, қалғанын жыл соңына дейін студенттерге береміз дейді.

ДАРХАН САТАНОВ, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
— Сонымен мәселе шешілмейді. Алматы мен Астанада үлкен тапшылық қалыптасқан. Астанада жатақханалары жоқ колледждер – көбіне жекеменшік колледждер. Олар қауіпсіздік нормаларын, санитарлық нормаларын ескере отыра, хостелдермен келісімшартқа отырып, жатақханаларға орналаса алмай жүрген балаларды хостелдерге орналастырып жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауында.

Жыл сайын мыңдаған талапкер Астанаға ағылады. Бірақ жатақханада орынның жетіспеуі олардың білім алудан бұрын күнкөріс қамын ойлауға мәжбүрлеп отыр.
———————————————