Қазақстанда такси бағасы кемі 40 пайызға қымбаттауы мүмкін. Тасымалдаушылар сөзінше, бұған себеп – жаңа салық кодексі. Салық салудағы өзгерістер таксиге арналған көліктердің жалдау құнына әсер етеді.
Такси жүргізушісі Махамбет Айтқожиннің жұмыс күні таңғы бесте басталады. Бұрын әскери ұшқыш болған ол қазір электромобиль жалға алып, тәулігіне кемінде 15 сағат жүргізеді. Бір ауысымда табатын табысының шамамен 10 мың теңгесі ғана қолында қалады. Ал бір күнге көлігін жалға алу үшін 17 мың теңге жұмсайды.
Көліктерді автопарктер жалға береді. Тасымалдаушылардың айтуынша, олар да бағаны көтеруге мәжбүр болмақ. Қазіргі таңда ескі салық мөлшерлемесі бойынша бизнес иелері жеңілдетілген тәртіппен 4% салық төлеп отыр. «Жаңа кодекске сәйкес, бұл мөлшерлеме 30%-ға дейін өседі. Мұның бәрі тасымал құнына сөзсіз әсер етеді», — дейді кәсіпкерлер.
МЕЙРАМБЕК АБІЛҚАСОВ – ТАКСИ ПАРКІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Бүгінде Алматы тасымалының шамамен 40%-ын жалға алынған көлікпен орындайды. Яғни такси жүргізушілерінің қазір көлік сатып алуға немесе несиеге алуға мүмкіндігі жоқ, сондықтан олар такси паркінен немесе жалға беретін компаниядан көлік алады.
ИЛИАС УСПАНОВ – ТАКСИ ПАРКІ БАСШЫСЫ:
— Біз көліктерді жалға беру бағасын шамамен 40%-ға көтеруге мәжбүр боламыз. Бұл бірден қарапайым жүргізушілерге әсер етеді. Басқаша жасауға мүмкіндігіміз жоқ, өйткені бұл – күнкөріс мәселесі.
Салық маманы Дмитрий Казанцев экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторын жаңартуды ұсынады. Оның айтуынша, бұл құжат ондаған жылдар бұрын жасалған, ал онда қазіргі заманғы бизнес түрлері көрсетілмеген.
ДМИТРИЙ КАЗАНЦЕВ – ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША САРАПШЫ:
— Такси қызметтері сияқты салалар үшін «көлікті жалға беру» деп аталатын бөлек экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторын жасау қажет. Сол кезде мәселе шешіледі. Мемлекет тарапынан ірі компанияларды көлікті жалға беруге тыйым салатын тізімге енгізуге болады.
Такси жүргізушілері мен такси паркі өкілдері мемлекеттік органдарға жеңілдетілген салық режимін сақтап қалуды сұрайды. Олардың айтуынша бұл мәселе тек бизнеске қатысты ғана емес, миллиондаған қазақстандық үшін көлік қызметтерінің қолжетімділігіне де байланысты. Сарапшылар мәселені дереу шешу қажеттігін айтады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.