Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындары қоқыс полигонының салынуына қарсы шықты. Билік өкілдері жергілікті халықты құлағдар етпей Трудавая Нива елді мекені маңынан жер учаскесін бөлген. Арнайы орын әлі дайын емес. Бірақ қазірдің өзінде мұнда жан-жақтан тұрмыстық қалдықтар әкелініп, тау болып үйіліп жатыр.
Трудавая Нива елді мекенінің байырғы тұрғыны Мұратбек Қапизовтың айтуынша, ауыл іргесіне 3-4 күннен бері жаппай қоқыс әкеліне бастаған. Қария енді ит-құс қаптап, инфекция таралады ма деп алаңдайды.
Әзірге мұнда ешқандай санитарлық талап сақталмаған. Аумақ қоқыс тастау үшін қазылмаған. Қоршауы да жоқ. Бірақ, ауданнан жиналған тұрмыстық қалдық бірден осында жіткізілуде.
МҰРАТБЕК КАПИЗОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Бірінші орын дайындап алу керек еді. Содан кейін ғана рұқсат беру керек. Қазір Бескөл ауылынан, Бәтеректен – бәрінен әкеліп жатыр. Енді жел болғанда қоқыстың иісі біздің ауылға тарайды. Әне, мысық өліп жатыр. Не әкелмейді мында?
Бұл жерден қоқыс полигоны ашылады дегенді естіген ауыл тұрғындарынан маза қашты. Жергілікті билік өкілдері ешкімді ескертпей орман ортасынан 6 гектар жер бөлген.
КҮЛСАЙРА ӘБУОВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Халықтан рұқсат сұраған жоқ. Біз ештеңе білмейміз. Өздері маңайды жыртып, қоқыс полигонын жасап жатыр. Ауылға жақын тұр. Қасында мал су ішетін котлаван бар. Мал уланып қалса кім жауап береді оған? /
ЕКАТЕРИНА СТАРУШЕНКОВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Ертең қоқыс өртенсе, ауылға қауіп төнеді. Себебі учаске небәрі бір шақырым жерде орналасқан. Халық тұншығады. Біздің талабымыз полигонды басқа жерге салсын. Ол үшін жер жеткілікті ғой.
Бескөлмен Бәйтерек ауылы ортасында жиырма жылдан астам уақыт заңсыз жұмыс істеп келген полигон соттың шешімімен жуырда жабылды. Ал әкімдіктегілердің сөзінше ауданда басқа жер жоқ. Әрі талап бойынша мұндай орын әуежайдан кем дегенде 13 шақырым жерде болуы керек.
РУСЛАН АСПАНОВ – ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Бескөл ауылы маңында орын жоқ. Оның үстіне Есіл өзені ағып жатыр. Қала жаққа қарай жаппай тұрғын үйлер орналасқан. Одан әрі Петропавл халықаралық әуежайы. Сондықтан бізге осы аумақ оңтайлы болып тұр.
Атқарушы орган өкілдері полигонның құжатын дайындап алғаннан кейін халық арасында түсіндіру жұмысын бастаған. Алайда сол күйі әңгіме жараспады. Қараша халық болса, біздің құқығымыз тапталды деп отыр. Сондықтан енді прокуратураға арызданбақ ниетте.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.