Қостанай облысында егін ору науқаны қарқынды жүріп жатыр. Биыл дәнді дақыл 4 миллион гектардан астам жерге егілсе, оның 3,4 миллион гектарын бидай құрайды. Қазіргі уақытта шамамен 1 миллион гектар алқап орылып, облыс бойынша орташа өнімділік гектарына 12,5 центнерге жетті. Астық қабылдау кәсіпорындарына үшінші сыныпты бидайдың 70 пайыздан астамы жеткізілді. Мамандардың айтуынша, биылғы өнімнің сапасы орташа көрсеткіштен жоғары. Синоптиктер қыркүйек айының ауа райы қолайлы болып, жауын-шашын аз түсетінін болжауда. Алайда соңғы аптада өңірде жауын жауып, техниканың алқаптарға шығуына кедергі келтірді. Өнім сапасын жоғалтпау үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері кептіру агрегаттарын іске қосып, бидайды элеваторларға жөнелтіп жатыр.
ИБРАГИМ БЕКМҰХАМЕДОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Көптеген ірі кәсіпорынның өз кептіру агрегаттары бар, қажет болған жағдайда басқа мекемелермен қосымша өңдеу жөнінде келісімшарт жасалады. Сондай-ақ 2023-2024 жылдары топырақтың ылғалдылығы жоғары болған кезде, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін сабақ болды. Қажет екенін түсініп, өздеріне кептіру агрегаттарын ала бастады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.