Елордада Astana Finance Days форумы басталды

Елордада Astana Finance Days форумы басталды. Осымен сегізінші мәрте ұйымдастырылып отырған іс-шараға қаржы, инвестиция, финтэк саласының белді сарапшылары, оның ішінде азулы брокер, банкир мен инноваторлар қатысып жатыр. Жылдың ең басты қаржылық форумына 70-тен астам елден 5 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Екі күнге созылатын іс-шарада 150-ден астам спикер сөз сөйлейді. Арасында футуролог Moven стартапының негізін қалаушы Бретт Кинг, Freedom Holding басшысы Тимур Турлов бар. Сондай-ақ Brookfield, Goldman Sachs және Janus Henderson сияқты алпауыт компаниялардың өкілдері бар.
Жалпы, биыл Astana Finance Days үш негізгі бағытты қамтиды. Атап айтқанда, қаржылық, инфрақұрылымдық және институционалды капитал тақырыптары талқыға түседі. Сарапшылар қаржы, қаржылық технология және тұрақты дамудағы жаңа мүмкіндіктер мен тың өнімдерді басқару тәсілдерін сөз етеді.
БРЕТТ КИНГ, ФУТУРОЛОГ:
— Менің ойымша, Астананың ірі ойыншыға айналуына үлкен мүмкіндіктер бар. Ол үшін реттеу мен инфрақұрылым бағытында жұмыс істеу қажет. Елге инвестициялар тартылып жатыр, енді сол қаржыны технологиялық базаны дамытуға, жаңа деректер орталықтарын салуға, жаңа буын технологияларын енгізуге бағыттау керек. Болашақта батыс пен шығыс арасындағы бөлініс жойылады. 2050 жылдары біз мемлекеттердің экономикалары дамушы немесе дамыған деп бөлмейміз, оның орнына «смарт экономикалар» және «индустриалды экономикалар» дейміз.

КРИСТОФЕР КЭМПБЕЛЛ-ХОЛТ АХҚО СОТЫ МЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӨРЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТІРКЕУШІСІ:
— Астана халықаралық қаржы орталығы үшін басты міндет – Қазақстанға пайда әкелу. Біз жаңа технологияларды, жаңа идеяларды енгізу, ғаламдық талқылауларға қатысу туралы айтып отырмыз. Инвесторлар бізге барған сайын көбірек сенім артып келеді. Біз халықаралық капиталға және бірлескен жұмысқа ашықпыз.
———————————————