Қоқыстан ақша табуға болады. Қостанайлық Андрей Зелевскийдің оқиғасы – жай ғана бизнес емес, ерік-жігердің үлгісі. Көз жанарынан айырылса да, тағдырға мойымай спортпен де айналысты. Қалдықты кәсіпке де айналдырды.
Қостанайлық Андрей Зелевский – қала тұрғындары арасында танымал әлеуметтік кәсіпкер. Пластикалық қалдықтарды қайта өңдеп, абаттандыруға арналған материал дайындаумен айналысады. Бүгінде оның шеберханасында құм-полимерлі плиткаға, бордюрлерге және зағип жандарға арналған белгілердің ондаған қалыбы бар. Таң қаларлығы сол, бәрі қайта өңделген шикізаттан жасалады.
АНДРЕЙ ЗЕЛЕВСКИЙ – ҚОСТАНАЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Пластик заттан бірдеңе істеу керек қой. Себебі олар жылдан жылға көбейіп барады. Қазір барлық жерде қолданылады. Тіпті металлдан да көп.
Осылайша Андрей пластик қоқысты кәдеге жаратуды қолға алған. Бастаманы жүзеге асыруға мемлекет көмектесіп, шамамен 5 миллион теңге беріпті. Бірақ әлгі грантты алу үшін құжат жинауға жылдар кеткен. Кейін кәсіпкер бірден пресс-қалыптар жасауға көшкен. Бүгінде кәсіпорын біраз өнімі шығарады.
АНДРЕЙ ЗЕЛЕВСКИЙ – ҚОСТАНАЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Міне, бұрын бұл қоқыс болатын. Қазір біраз уақытқа жарамды дүние. Адамдар тайып кетпесі үшін ол құм-полимерлі.
Көзі нашар көретін жандарға бағыт-бағдар беретін өнім жасауға Андрей Зелевский кірісуі бекер емес. Өзінің де жанары көрмейді. 29 жасында ауыр жол апатына түсіп, көру қабілетін жоғалтқан. Жасы 50-ден асқан ол қазір өмірін түбегейлі өзгерткен. Паралимпиадалық спортта да жетістігі бар. Пауэрлифтингтен әлем чемпионы. Ал қазір көзі көрмейтіндерге қолдау көрсетуді мақсат еткен кәсіпкер. «Осының бәріне шабыт беретін – отбасым» дейді ол.
АНДРЕЙ ЗЕЛЕВСКИЙ – ҚОСТАНАЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Мені жігерлендіретін осы адамдар. Бұл өмірде жалпы еңбек ету керек. Қазіргі заманда қол қусырып қалай отырасың?! Мүмкіндік өте көп қой.
Андрейдің айтуынша, кәсібі кеңейіп келеді. Отбасы да үлкейгелі жатыр екен. Жуырда алтыншы баланың әкесі болатынын айтады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.