Түркістан облысында өркениеттен оқшау ауыл әлі де бар. Егізқара ауылының халқы әлі күнге дейін қараңғыда қалып, құдықтан су тасып отыр. Жолдың жағдайы тым нашар болғандықтан, жауын-шашында ауылға кіру тіпті мүмкін емес. Балалар мектепке қатынай алмай, қалада пана іздеуге мәжбүр.
Бұл – тек Дәурен Абдрамановтың ғана емес, Егізқара ауылында тұратын жұрттың жанайқайы. Сауран ауданына қарасты бұл ауылдағы ең үлкен қиындықтың бірі – жол. Бірнеше жылға созылып, салынып келе жатқан тас жолдың тозығы жетіп, әрлі-берлі қатынау мұңға айналған. Жаңбыр жауса лай-батпақ, қыста көлік жүру тіпті мүмкін емес.
ДӘУРЕН АБДРАМАНОВ – ЕГІЗҚАРА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Біз мына жермен жүре алмаймыз, жүрсек, машинамыз 2-3 күнде шашылып қалады, жөндеу керек болады. Бұрынғы ескі жолмен жүреміз, ол жауын-шашында лай-батпақ болады, мүлдем жүре алмай қаламыз. Бір айдың жобасында құр машинаны жөндеуге 300-400 мың ақша жұмсап жібереміз. Ауданға, қалаға жету үшін кемінде 2 сағат жүреміз. Ал қыстың күндері азанда шыққан машина кешке жете алмай қалады.
Егізқарада ауызсу мәселесі де өзекті. Мұндағы жұрт суды әлі күнге дейін тасып ішіп отыр. Биыл аудан әкімдігі су жинайтын мұнара орнатыпты, бірақ электр жарығы болмаған соң, ол да пайдасын тигізбей тұр.
ҒАЛИЯ СЕЙІЛБЕКҚЫЗЫ – ЕГІЗҚАРА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Қазір ауылымызда суымыз да жоқ, құдықтан су алып отырмыз. Мына ауылдағы халық киналып отыр. Сусыз, жарықсыз, жолсыз қиналып отыр. Күнде қатынайтыны бар, балаларын таситын бар. Қатынап оқитын балаларымыз амалсыз осы қалада біреуі туысқанының үйінде, біреуі пәтер жалдап жатыр. Басқа баратын жері жоқ, оқуды да тастап кете алмайды. Бұл ауылда мектеп те жоқ, ештеңе жоқ.
Күн бұлтты болса, ауыл қара түнекте қалады. Әкімдік орнатқан панельдерден пайда болмаған соң, тұрғындар шамға қарап отыратын заманға қайта түскен. Бұл жағдай адамдардың тұрмысын ғана емес, денсаулығын да қауіпке тіреп отыр.
Жергілікті билік ауылды толық электр қуатымен қамту үшін 620 млн теңгенің жобасын ұсынғанын, алайда ол басқарма тарапынан қолдау таппағанын айтады. Қазір күні панелінен басқа амал жоқ деген сыңай танытты. Ал тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту үшін қажетті қосымша құрылғыларға тапсырыс беріліп, қазан айының соңына дейін іске қосылады деп сендірді.
АСЫЛБЕК ТАҢАТ – САУРАН АУДАНДЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Қазіргі таңда енді су мұнарасын іске қосу мақсатында елді мекенде орналасқан ауызсу көзі бұлақ болып есептеліп, ол жерге қосымша жанармаймен істейтін генератор әпереміз. Қондырғыларды енді іске қосамыз. Сол уақытта толық ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізіледі.
ЖАНДОС ДОСБОЛОВ – МАЙДАНТАЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Біз қазіргі таңда сметалық құжаттарын дайындадық. Аудандық жол бөлімі тарапынан дайындалған. 10 шақырым тас жолдың бетіне 5-10 сантиметрге дейін құм, майда тастар төселеді. Одан бөлек, таудың ішкі бөлігіне 5 шақырым тас төсеу жұмыстарын жүргіземіз деп құжаттарын дайындап, конкурсқа жариялап қойғанбыз.
Ауылда ұялы байланыс та жоқ, тұрғындар қалада оқып жатқан балаларымен байланысу үшін кемі 30 шақырым жол жүруі керек. Шешілмеген мәселе шаш етектен, сол себепті мұндағы жұрт әкімдіктің уәдесіне сенбейді. Бізге нақты нәтиже керек деп отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.